29.01.2021, 9:35
Оқылды: 32

Мәстексайда мәдениет үйі ашылмақ

20 қаңтарда Жаңақала ауданының әкімі және ауылдық округ әкімінің ауыл тұрғындарымен есепті кездесуі Мәстексай ауылында өтті. Аталмыш шараға ауылдық округтегі тұрғындардың әртүрлі  сала өкілдері, ардагерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер, жастар өкілдері,  білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласы, басқа да салалардың қызметкерлері, ауылдық округке қарасты елді мекендер тұрғындары және аудандық мекеме, бөлім басшылары қатысты.

 Мәстексайда мәдениет үйі ашылмақ (1)

Алдымен Мәстексай ауылдық округінің әкімі Ержан Тілепбергенов 2020 жылғы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның берген мәліметіне сүйенсек, ауданымыздағы ірі округтердің бірі болып саналатын жер көлемі  249794 гектар Мәстексай ауылдық округінде 1 елді мекен, 41 қыстақ бар. Жалпы, ауыл тұрғындарының саны биыл 1798. Округ бойынша 427 аула саны болса, онда 503 отбасы мекендейді. Мәстексай ауылындағы инфрақұрылым С.Меңдешев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп, «Алтын сақа» мектепке дейінгі балабақша мекемесі, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, «Қазпошта» бөлімшесі, жарық жүйесі, мал дәрігерлік пункт, талшықты оптикалық интернет жүйесі, «Билайн», «Актив» ұялы телефон жүйесі, 2 кітапхана жүйелі түрде қызмет істейді.

Мәстексайда мәдениет үйі ашылмақ

Мұқыр ауылында 1 жалпы орта білім беретін мектеп, 1 фельдшерлік пункті, 1 кітапхана, 1 клуб жұмыс істеп тұр.

- Бюджет және салық мәселесінде Мастексай ауылдық округі әкімі аппараты мемлекеттік мекемесіне 2020 жылы аудандық бюджеттен қаржыландыру арқылы 53707,0 мың теңге бөлінген. Мәстексай ауылдық округі әкімі аппаратына жергілікті бюджет арқылы қаралған 22 671,0 мың теңге,  қаражат есебінен мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту қызметтеріне 23 223,0 мың теңге қаржы қаралды. 2020 жылғы салықтық түсімдер бойынша жоспар 2 850 000 мың теңге болатын, жоспар толық орындалды. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында түсім 1 024,0 мың теңгені құрады. Бұл түсімге 20 көше жарығы шамдары есептегішімен қондырылып, басқа да шамдар  ауыстырылды. Мұқыр ауылына 10 көше жарығы, орталыққа 10 көше жарығы қондырылды. Бюджеттегі «Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету» нысаналы трансфертімен 2 235 000 теңгеге су жиналатын көбік қазылды. Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағытында «Жастар» саябағындағы сахна алдына тас төсеніш төселіп, отырғыш орнатылып, қақпа қондырылды. Елді мекеннің санитарлық жағдайын қамтамасыз ету үшін 300 000 теңгеге қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды төгетін арнайы орны жинақталып, ауыл айналасы тазаланды, - деген ауылдық округ әкімі Е.Нағымұлы одан әрі өзге де салалардағы атқарылған ауқымды істер мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Мәстексайда мәдениет үйі ашылмақ (2)

Ауылдық округ әкімінің баяндамасы аяқталған соң аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин Мәстексай ауылында алда атқарылатын іргелі істерді айтты.

- 2021 жылы 4 ауылға газ жеткізіп беру және осы ауылдық округке құны 197 млн. теңге тұратын жаңа мәденит үйін салып беру туралы мәселе тұр. Білім, денсаулық, жол, су, газ республикадан бөлінеді. Ал мәдениет саласының қаржысы жергілікті бюджеттен, яғни ауданнан немесе облыстан бөлінуі керек. Сонымен қатар осы Мәстексай ауылына байланысты тағы бір жұмыс – Қызылжар бөгетіне жөндеу, дұрыс реттегіш қақпаларын орнату. Бұл аудандық бюджетте емес, мұнымен облыс айналысып жатыр. Өткен жылы жобасын аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өткізді, - деп сөзін қорытындылаған аудан басшысы Н.Қадырбайұлы одан әрі ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін, толғандырған сауалдарын тыңдады.

Ауыл тұрғыны Ерболат Бақтыгереев ауылда мал жаятын жайылымның жоқтығы және ауыл ішінде бұралқы иттердің шектен тыс қаптап кеткендігі, оны жою туралы мәселені шешіп беруін сұрады. Бұған аудан әкімі мен аудандық ветеринариялық станция басшысы Марат Досмағамбетов тұшымды жауап берді. Одан әрі Жасқайың Қуанов Марат Болатұлына төрт түлік малы ауырғанда немесе әлдеқандай көмек керек болған жағдайда шақыртса, ақысы қандай мөлшерде болатындығын сұрап, толыққанды жауаптарын алды.

Аудан әкімі мен сала мамандары қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, жиынды қорытындылады.

 

Жаннұр Хайрушева,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале