3.04.2024, 22:18
Оқылды: 84

Махамбетте су тасқынының беті қайтты

Крутинка өзенінің тасуы салдарынан Бәйтерек ауданына қарасты Махамбет ауылындағы 27 үйге су кірді. Соған орай таңғы сағат 4-те 31 тұрғын, соның ішінде 4 бала эвакуацияланды.

IMG-20240403-WA0147

Уақытша баспаналарынан көшірілгендердің дені ағайын-туыстарының үйіне орналасса, екі отбасы мүшелері ауыл мектебіндегі эвакопунктке жеткізілді. Үйі су ортасында қалған тұрғынның бірі – Алексей Бутарев.

IMG-20240403-WA0150

Саналы ғұмырын осында өткізген оның сөзіне қарағанда, мұндай ауқымдағы су тасқыны мұнда бірінші рет орын алып тұр. Тіпті 2011 жылы да тап берген «тілсіз жау» бұлай шошытпаған. Қазір оның отбасы Горбунов ауылындағы ағайындарының үйінде. «Аудан, ауыл басшылары, құтқарушылар бәрі келіп қажет іс-шараларды алуда, -дейді ол. - Жағдай түстен бастап бірқалыпқа бастады. Ауылдастарым табиғи апатқа түсіністікпен қарап, қиналғандарға қолдан келгенінше жәрдемдесіп жатқаны қуантады. Осындай қиын-қыстау кезде бірлігіміз маңызды».

IMG-20240403-WA0152 (1)

Мамандардың айтуынша, бұл су күннің жылынуы салдарынан даладағы сай-саладағы қардың еруінен пайда болған. Сөйтіп қызыл су аталмыш ауылдық округтың Павлов және Горбунов елді мекендеріндегі және Махамбеттің сырт жағындағы бөгеттерден асып, ауылға кірген. Ауызекі тілде ескі ауыл деп аталатын жақтың Қ.Мұңайтпасов, Садовый секілді көшелерінің көп бөлігін су басты.

Хабар түскен бойда қажетті техника мен жұмыс күштері тартылды. Эскаватормен ауылдың оңтүстігіндегі бөгеттің қазылуы, 10 мотопомпамен су сорылуы және өзге де іс-шаралар нәтижесінде су деңгейі төмендеді. Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиевтің хабарлауынша, кешкі сағат 7-дегі жағдай бойынша су басқан 27 үйдің 10-ы су құрсауынан құтылған. Енді ауылдың батыс бөлігіндегі Садовый көшесін судан тазарту жұмыстары жүруде.

IMG-20240403-WA0153

Төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушыларына сабақ онлайн форматта өте бастады. Махамбет орта мектебі директорының орынбасары Анна Фоменконың сөзінше, мұндай оқу форматы бір аптаға созылуы мүмкін.

Айта кетейік, осынау су тасқыны салдарынан ауылдағы 227 бас ірі қара мен ұсақ малдар да қауіпсіз жерге көшірілді.

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале