6.10.2020, 12:35
Оқылды: 225

Махамбеттер тірі екен...

Қаратөбе ауданының құт мекені – Саралжын деген ауыл бар. Кеңестік  кезеңде «Саралжын» қаракөл кеңшарына басшылық жасаған, шаруашылықтың өрлеуіне елеулі үлес қосқан азамат Ғафар Кереевтің есімімен байырғы тұрғындар жақсы таныс. «Ата көрген оқ жонар» демекші, Ғафар Кереевтің ұрпағы Серік Бралиев пен оның ұлы Абзал Бралиев ауданға сапарлаған уақытында бірге барып қайтқанбыз. Ақсақал Серік Бралиев әке өмірбаянынан сыр шертті.

Maxambetter tiri eken (1)

– Әкеміз 1930 жылы туған. Жасынан бейнет көріп өскен. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Қаратөбе ауылындағы мектепте оқыды. Оқу үлгерімі озық, денсаулығы мығым, шымыр жігіт әскери саланы таңдайды. Украинаның Луганск қаласында әскери дайындықтан өткен соң, истребитель-ұшқыш мамандығы бойынша әскери училищеде төрт жыл білім алады. Кеңес одағын Хрущев билеген заманда жойғыштар эскадрильясы таратылды. Содан елге қайтып келді. 1957 жылы тракторшы маман-дығы бойынша оқу курсынан өтеді. Бригадир ретінде еңбек майданында шыңдалды. Бір жағынан өнерпаз, әнге құмар, сері жігіт те болған. 1963 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты ашылды. Көршілес Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген студенттер іргелі оқу ордасына ағылды. Әкем ауыл шаруашылығы институтының алғашқы түлегі болды. Оқу үлгерімі озық болды. Осы институт мұрагері – қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аргарлық-техникалық университетінің қабырға-сында алғашқы түлек ретінде біраз уақыт портреті ілініп тұрды, – деді Серік Бралиев.

Maxambetter tiri eken (2)

1968 жылы Қаратөбе аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс істеді. Көп ұзамай «Сарал-жын» кеңшарына бас зоотехник қызметіне ауысты. Жасы отыздан асқан азамат іскерлігімен де, жан-жақты талантымен де көзге түсті. Ғафар Кереев 1972-1986 жылдары кеңшар директоры болды. Кеңшар сол кезеңде одаққа аты шыққан өнім – Қаракөл елтірісін өндіріске шығаратын. Ресми деректерге сүйенсек, БҚО совхоздары басқармасының 1961 жылдың 3 қараша күнгі №168 шешімімен «Аққозы» және «Қалдығайты» кеңшарларының №5 фермалары негізінде «Саралжын» қой кеңшары құрылған. Екі ферма Саралжын және Сәуле елді мекендеріне орналасады. Одан кейінгі жылдары кеңшар құрамы бірнеше елді ме-кен және фермалармен толықты. Кеңшардың жер көлемі 146 361 гектарға жетті. Шаруашылық не-гізінен қаракөл қойын өсірумен шұғылданды.

Қаракөл елтірісімен даңқы шықты

...Ауданға сапарымызда жел-мен бірге жүйткіген көлік Сәуле ауылына келіп тоқтады. «Бұл ауылда санаулы үй қалды. Бірақ бір ерекшелігі, тұрғындар ауыл ішін таза ұстайды. Үйлерінің сыртын жазғы уақытта бәрі бірдей әктеп, ақ жұмыртқадай қылып қояды», – деп әңгімеледі ақсақал Серік Бралиев. Бұл елді мекенде еңбек ардагері Жаһан Оразов (суретте) тұрады. Ақсақал Ғафар Кереевпен қоян-қолтық жұмыс жасаған. 1972 жылы Сәуле елді мекеніндегі ферма меңгерушісі болып тағайындалды. «Кеңшар директоры Ғафар Кереев мойныма жауапты міндет жүктейтінін айтып, ферма тізгінін ұстатты. Мұнда алғаш қорқақсоқтай келгенім есімде. Шаруашылықты аяғынан тік тұрғызу үшін қысы-жазы тер төгуге тура келді. Алғашқы жылдар мен үшін қиын кезең болды. Малға жайылым тарлық етті. Кеңшар басшылығымен ақылдаса отырып, жайылым мәселесін шештік. Сол кезде қаракөл қойының басы 18 мыңнан асатын. Сақман уақытын-дағы жұмыс қызу жүргізілетін. Қойлар төлдегенде, қозыларымен ұзын саны 28 мыңға жетіп қалатын. Жыл бойы қарбалас үзілмейтін. Жиырма жыл уақыт осы ауылдан тапжылмай, шопандармен еңбек еттім. Іскер де жайдары адам, кеңшарды ұзақ басқарған Ғафар Кереевтің орны мен үшін бөлек еді», – деді Жаһан Оразов.

Maxambetter tiri eken (3)

Ақсақал сөзінің жаны бар, кеңестік кезеңде «Саралжын» қаракөл кеңшарының маңдайы жарқырады. Кеңшар басшысы болып әр жылдары  Мұса Қадиров, Төлеген Себепов, Ғафар Кереев, Зарлық Муслин, Мақсот Ермеғалиев сынды азаматтар еңбек етті. Олардың қатарында 1972 жылдан бастап директор қызметін атқарған Ғафар Кереевтің орны бөлек. Басшылық қызметін аяқтаған кез –  1986 жылғы есеп бойынша еңбек ұжымы 1403 ірі қара, 30 174 қой, 524 жылқы өсірген. Мемлекетке 63 152 центнер ет,  634 центнер сүт, 599 центнер жүн, 3 361 дана қаракөл елтірісін тапсырған. Кеңшарға қарасты Сәуле және Бесотар ауылдары мен №1 ферма болған. Облыста қаракөл елтірісін Тайпақ, Қаратөбе, Орда, Ақжайық аудандарын-дағы шаруашылықтар дайындаған. Қаратөбе ауданында Саралжын, Аққозы, Қаракөл кеңшарлары қаракөл қойын өсіріп, асылдандырып, терісін шикізат ретінде дайындаған. Қаракөл елтірісі – туғанына екі-үш күн өткен соң сойылған қаракөл қозысының терісі. Оның түсі қара, қызғылт сұр, көкшіл қызғылт және ақ болып құбылатын. Шикізат сапасына қарай бірнеше сұрыпқа бөлінді. Елтірі бағалы киім тігуге қолданылады.

Саралжын саңлағы

Директор қызметінен босаған соң да, шаруашылықтан қол үзбей еңбек еткен Ғафар Кереев зейнет жасына шығып, ауданның мәдени, қоғамдық өміріне де белсенді араласқан. Қаратөбе ауданының құрметті азаматы атанды. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қон-дырған әке ізі туған жерінде сайрап жатыр. Халық ілтипатына бөленген ақсақал 2009 жылы дүниеден озған.

Maxambetter tiri eken (5)

Сапар барысында Б. Қаратаев атындағы Саралжын жалпы орта білім беретін мектебінің музейіне бас сұғудың сәті туды. Зәулім мектепте орналасқан музей «Қасиет» деп аталған. Атына заты сай қойылған музейде Саралжынның қасиетті топырағында дүниеге келген небір марғасқалардың фотосуреттері бар. Өткен ғасырда кеңшар бой көтергеннен бастап тасы өрге домалаған кезеңге дейінгі аралықта еңбек еткен ардагерлер туралы мәлімет беріліпті. Ауыл тарихынан сыр шертетін жәдігерлер де көзге түсті. Танымал тұлғалар қатарында алғашқы қазақ заңгері Бақытжан Қаратаев, әдебиет теориясының негізін қалаған ғалымдардың бірі Қажым Жұмалиев, академик Рахымжан Елешов, филология ғылымдарының докторы Отарәлі Бүркітов бар.

Ауыл ардақтыларын бекерге тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ.

«Үш жүзден ән оздырған» Мұхит Мерәліұлы дүниеге келген қасиетті топырақ тарландары да текті болды. Кеңшар басқарған Ғафар Кереев өнер әлемінен алыс емес еді. Мәдениет саласындағы іс-шаралардың бел ортасында жүретін. Көпшілік алдында арынды, кең тынысты әндерді емін-еркін шырқайтын. Кеңестік кезеңде танымал өнер адамдары, ақын-жазушылар, мемлекет қайраткерлерінің ауыл-ауылды аралап, шаруашылық ұжымдарымен кездескені мәлім. Олардың біразы «Саралжын» кеңшарына да ат басын бұрып, талай мәрте мейман болған. Танымал композитор, дүлдүл әнші Әсет Бейсеуов Алматы облысынан келіп, ән маржанын төгіп өткен. Ақ Жайық атырабынан алты Алашқа аты мәшһүр болған Ғарифолла Құрманғалиев та туған жерінде сан мәрте ән қалықтатқан.

Maxambetter tiri eken (6)

1968 жылы Қаратөбе ауданына қазақтың дарынды ақыны Мұқағали Мақатаевтың келгені аңыз болып ауыздан-ауызға тарап кеткен. Оның қасында белгілі шайыр Хамит Ерғалиев пен қарымды қаламгер Берқайыр Аманшин болған. Олар Шөптікөл ауылында оқырмандармен кездескен соң, Мантай көлі жағасында демалады. Берқайыр Аманшинді туысы Сағын Саралжын ауылына қонаққа шақырады. Бұл жөнінде Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Тілекқабыл Сағынов қызғылықты әңгімелейді. «Сол кезде совхоз директоры Төлеген Себепов, пар тия хатшысы Мерген Рахметов болатын. Ақбақай көлінен балық аулап, дала дастарқанынан дәм татқызуды жоспарлап, ұйымдастырған Ғафақаң екен. Аудан орталығынан келген райком өкілі Сәңкібай Қажымұратов алып келген меймандарға әкем Сағын үйі-нен қонақасы береді», – деді ол. Ауыл іргесіндегі Ақбақай көлі маңындағы Мұхит Мерәліұлы бейіті басына арнайы барған қадірлі меймандардан Хамит Ерғалиев Құран оқиды. Қаратөбе өлкесінің табиғаты тамылжып тұрған сәті болса керек, ақиық ақын Мұқағали мөлдір көл бетіне тамсанып, ауыл жігіттерінің кең пейіл құрметі мен меймандос көңіліне, алып тұлғасы мен асқақ келбетіне риза болып, бір шумақ өлеңді төгіп кеп жібереді.

Саралжын деген ел екен,

Ақбақай деген көл екен,

Аққу-құсы да көп екен,

Айнала тегіс гүл екен.

Қызғыштар қорып жүр екен.

Салттары да дүр екен,

Саф алтындардың бірі екен.

Жігіттері де ірі екен.

Махамбеттер мен Мұхиттар

Тірі екен, әлі тірі екен.

Осы кезде Мұқағалидың қасында ауылдың алып азаматтары Ғафар Кереев, Амантай Сүлейменов, Қаршыға Бүркітов тұрған деседі. Өнерлінің өрісі кең екенін білетін Ғафар Кереев жас таланттарға қамқор болып та жүрген. «Әнші Жақсылық Сәрсенғалиев он жылдық мектепті бітірген соң, кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, ауыл шаруашылығына атсалысты. Еңбекке араласа жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өнер көрсетті. Сол совхоздың директоры Жүсіп Мәтжанов пен драма үйірмесін басқаратын ағасы Ғафар Кереев бір күні жас жігітке ақыл қосты: «Сен болсаң басың жас, өнерлісің. Сондықтан Алматыға барып оқуға түсіп, өнеріңді шыңда! Біз «Өзіміздің Жақсылық» деп мақтанатындай әнші болсаң қайтеді», – деген. Жас жігіт аз-кем ойланып қалды. Әр адамда алға қойған мақсат болады. Жақсылықтың көптен мазалап жүрген  ойы да осы еді», – деп еске алады БАҚ-тарда жарияланған сұхбатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева. «Ғафақаң алғашқы облыстық ақындар айтысына қатысқан. «Облыс ақыны» атағын алған. Келісті де әдемі, зор дауысымен әсем ән шырқайтын. 1981 жылы Мұхит Мерәліұлының туғанына 140 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған мерейтойында Мұхит образын сомдады», – дейді өлкентанушы Тілекқабыл Сағынов. Талай арда азаматтарды қанат қақтырған Саралжын ауылының тұрғындары айрандай ұйып отыр. Бірақ қазіргі уақытта аңыз болған Ақбақай көлінің орны кеуіп жатыр екен. Сол маңда Мұхит Мерәліұлының 165 жылдығына байланысты қойылған кесене үнсіз сыр шертеді. 2005 жылдың 22 қыркүйегінде осы мазарды облыс әкімі Нұрғали Әшімов пен ауыл ақсақалы Ғафар Кереевтің салтанатты түрде ашқаны өңір мәдениетіндегі тарихи күн.

Туған жерге туың тік

Ғафар Кереевтің ұрпағы Серік Бралиев қазіргі уақытта 70-ті алқымдап қалды. Жайдары, ақ көңіл, меймандос кісі екен. Қаратөбе аудандық спорт комитетін басқарған. Ауданда балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашы-луына ұйтқы болған. Ұзақ жыл спорт мектебі директоры қызметін атқарған. Ақсақал қазіргі уақытта немере-шөбере сүйіп отыр.

Ұлдары түрлі салада еңбек етіп жүр. Тұңғышы Абзал Бралиев – облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары. Айбар Бралиев  Қаратөбе ауданында «Сұңқар» ЖШС-ын басқарады. Абылайхан Серіков облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарады.

Maxambetter tiri eken (7)

Серік Ғафарұлы Орал қаласында тұрғанымен, шаруашылық жұмысына белсенді араласады, ұрпағын кәсіпке баулуда. «Әкемнің менен кейінгі ұрпағының жалғасы – Шолпан, Адақ, Азат және басқа да іні-қарындастарым Саралжын ауылында тұрады. Қазіргі уақытта бір-бір шаңырақ иесі болып, бір-біріне сеп болып, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қыздың үлкені Шолпан қарындасым 35 жылдан астам уақыт ауыл фельдшері қызметін атқарады. Жолдасы Мейрамғали екеуі – бала-шағасымен елге сыйлы адамдар. Інілерім Азат, Асхат, немересі Тоқтар атасына тартқан, бәрі де әнші», – дейді Серік Бралиев.

Қаратөбе ауданында ақсақал-дың өзі жетекшілік ететін «Әлібек» шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Қазіргі уақытта қожалық 300-ге тарта қазақтың ақ бас сиырын, 143 бас абердин-ангус тұқымды сиырды және 100-ден астам Көшім жыл-қысын бағып отыр. Малды бағып-қағатын алты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оларға екі баспана салынған. Даладағы үй қаладағы үйден кем емес. Желден және күн сәулесінен қуат алатын құрылғылар орналастырылған. Баспана ішіне электр тоғы келіп тұр. Бақташылар 80-150 мың теңге  жалақы алады. Шөп шабатын германиялық комбайн, су жаңа «Беларусь» тракторлары және бірнеше  техника  самсап  тұр.

Maxambetter tiri eken (8)

Бралиевтер аудан экономика-сының гүлденуіне де атсалысуда. Кеңестік кезеңнен қалған қоғамдық моншаны ашып, күрделі жөндеуден өткізіп, сенімгерлік бас-қаруға алған. Бір жылдан соң заң аясында жекешелендіреді. Іскер азаматтар қолына тиген соң, аудан орталығындағы қоғамдық моншаның екінші тынысы ашылып, тұтас кешенге айналды. Тұрғындар осында жұма-жексенбі күндері тұрақты шомылады. Моншаның екінші жағында сауна орналасқан. Біртұтас кешен ішінде 250 адамға арналған тойхана, шағын қонақүй де бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында  «Әлібек» шаруа қожалығының демеушілігімен осы кешенге алып келетін Қажым Жұмалиев көшесіндегі бағаналарға түнгі жарық шамдары орнатылыпты. Қаратөбедегі құрылыс нысандарында «Сұңқар» ЖШС-ның да қолтаңбасы бар. 2014 жылы бюджет қаржысына аудан орталығындағы мәдениет және демалыс саябағын жаңғыртып, жаңалап салған. 2018 жылы «Сұңқар» ЖШС мемлекеттік бағдарлама ауқымында Малабаев көшесі және тұрғындар «Қызыл өрік» деп атап кеткен №3 көше бойларына 22 үй салған. Биыл қос бүйірден қысқан коронавирус індеті салдарынан болған қарбалас кезінде Бралиевтер жерге қарап отырмады. Аудандық ауруханаға оттегі концентраторын  табыс  етті.

Нұркен  Еркінұлы,

Қаратөбе  ауданы

 

Тілекқабыл Сағынов,

Қаратөбе ауданының құрметті азаматы,

ҚР мәслихаттарының құрметті депутаты:

– Келер жыл «Саралжын» кеңшарының құрылғанына 60 жыл толады. Кеңшардың өркендеуіне 20 жыл үлес қосқан Ғафар Кереев туралы естелігіммен бөлісуді жөн көрдім. Ол Қаратөбе орта мектебін тәмамдаған соң, Украинадағы әскери училищеде оқыды. Әскери қызметке кірісер алдында Үкімет қаулысымен біраз әскери нысан қысқартылды. Содан елге оралғасын, Орда кәсіптік училищесінде оқып, «Ворошилов» колхозында бригадирлік қызмет атқарды. 1963 жылы ашылған БҚО ауыл шаруашылығы институтының алғашқы түлегі болды. 1968 жылы «Саралжын» кеңшарының бас зоотехнигі болып тағайындалды. Бес жылдан соң аудан басшыларының ұсынысымен совхоз директорлығын 15 жыл атқарған.

Кеңшар сол уақытта қаракөл елтірісін өндіруге бағытталған ірі шаруашылықтың біріне айнала бастады. Іскер басшы, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Ғафар Кереевпен бірге тер төккен бас мамандар  Б. Ұябасов, Х. Шайхымұратов, Б. Құрманғалиева, Қ. Хасанов, Е. Мәмбетов, А. Ермұқанов, Ж. Сисенбаев,  С. Жылтықаев, Қ. Мұқанов және бөлімше меңгерушілері Ж. Оразов, Қ. Әлмағанбетов, С. Омаровтардың еңбегі зор еді. Ғафақаң ел басқарған жылдары совхоз елеулі табыстарға кенелді. Облыстық және аудандық социалистік жарыстарда жеңімпаз атанды. 1976-86 жылдары көптеген құрылыс салынды, әлеуметтік нысандарға көңіл бөлінді. Сол кезеңде кеңшарда «Бес бұрыш» атанған партком хатшысы Базар Нұрмағанбетов, кәсіподақ төрағасы Қындыбай Шыныбеков, комсомол жетекшісі Әсет Шоқанов, ал мен ауылдық кеңес төрағасы ретінде кез келген жұмыстың қисынын келтірген, қызу еңбекті бірге атқарған серіктері болғанымыз ақиқат. Ғафақаң әр жылдары еңбегі бағаланып келді. 1976 жылы «Құрмет белгісі» ордені, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің, бесжылдықтардың төсбелгілерімен марапатталды. Зейнет жасына шыққан соң, ақсақалдар алқасына басшылық жасады. 2000 жылы Қаратөбе ауданының құрметті азаматы атағы берілді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале