4.10.2022, 18:49
Оқылды: 28

Мажарлық зерттеушілер Жәнібекте

Бүгін Жәнібек ауданы орталығына Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Ғылыми бөлім басшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр бастаған мажарлық зерттеушілер Сомфай Кара Давид пен Грегор Агоч ат басын тіреді. 

IMG_0196

Өздерін Дәуіт және Аққұс деп таныстырған ғалымдар Мажарстанның Будапешт қаласынан Жәнібек ауданына арнайы келген. Ат терлетіп келген қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев күтіп алып, аудандық ардагерлер үйіне алып келді.

Дәуіт – филология ғылымдарының докторы, Этнография институты Гуманитарлық зерттеулер орталығының аға қызметкері. 20 тілді жетік меңгерген ғалым. Қазақ тілінде де сайрап тұр.

 Аққұс – Этнография ғылымдарының докторы, Салт дәстүрлерді зерттеу орталығының аға қызметкері, музыкатанушы.

Зерттеушілердің басты мақсаты Мажарстанның көне әндері, ноғай әндері мен қазақ халық әндерін салыстыру, ұқсастықтарын, шығу тегін анықтау. Түбі бір түркі екенімізді дәлелдеу. Осыған орай аудандық ардагерлерлер үйінде ауданымыздың өлкетанушылары, мекеме басшылары, ардагерлер жиналып, зерттеу жұмысына үлестерін қосты. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Асхат Хамитұлы зерттеушілерге ауданымыздың тарихын, тыныс-тіршілігін таныстырып өтті. Өз кезегінде аудандық өлкетану музей бөлімінің басшысы Меңдігүл Фазылова   аталмыш тақырыпта жинақтаған материалдары мен аудандық «Шұғыла» газетіне шыққан мақалаларымен бөлісті.

IMG_0204

Ардагерлер ұйымының мүшесі Асылғаным Буршина мен Меңсұлу  Жұмақұлова  ескі әндерді шырқап берді. Бұрын өзге өңірлерде естіле қоймаған, тек батысқа тән қара өлең мақамындағы әндерді  зерттеушілер бейнетаспаға түсіріп, мәтіндерін жазып алды. Сонымен қатар 80 жастан асқан Мәрзия Ишанғалиеваның үйіне арнайы барып,  ұмыт бола бастаған әндер де таспаға түсіріліп алынды.

Зерттеу жұмысына қолдау білдіріп жатқан жандарға риза болған ғалым Грегор Агоч өздерінің ұлттық аспабымен ән шырқап берді. Ал Меңсұлу Жұмақұлова, қазақ халқының қашанда қонақжай халық екенін, келген сыйлы қонағын құр қол жібермейтінін айтып, үйдегі келінге жабарсың деп үстіндегі камзолын шешіп сыйға тартты.

Қонақтарымыз қазақ халқының қонақжайлылығына тағы да көздері жеткенін айтып, алғысын білдірді. Алдағы уақытта тағы да осындай ұмыт бола бастаған халық әндерін білетін жандар болса хабарласуын өтініп, көршілес Бөкей ордасы ауданына аттанды.

Бақытжан Серіков,
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале