Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Марат Бопазов келді. Депутаттар түске дейін Сырым ауданының активімен кездесіп, Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» тақырыбындағы үндеуін іске асыру жайын талқылады. Жиналысқа Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев қатысты.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жаңа жолдауын қазақстандық жастар мен педагогтардың қуанышпен қабыл алғаны белгілі. Себебі, осы Президент 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады әрі жуық арада Педагогтар мәртебесі туралы заң қабылданатын болды.
-Жастар жылына мемлекет емес, ең бірінші жастар дайын болуы керек. Елдің ертеңінде әрбір жастың үлесі болуы тиіс. Сондықтан, қазақстандық жастарға біріншіден білім, екіншіден тәжірибе керек. Тәжірибесіз болмайды. Білім дегеннен шығады, адамға білімді болу – жеткіліксіз. Себебі, адамның адами қасиеті осал болса, құр білімнен пайда жоқ,- деді жастар жылына қатысты пікір білдірген мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров.
Біз мәжілісменнің білім мен адами қасиет жайлы ойын Әл – Фараби ғұламаның «Адамға білімнен бұрын тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы!» деген сөзімен үндестірдік. Расымен де, жастардың жүрегінде туған жеріне деген махаббат, Отанына қызмет ету деген перзенттік парыздың жүгі болмаса, олардың робот ойлап тапқанынан пайда жоқ. Жастар жылының елдің «рухани жаңғыру» дәуірінде жариялануының да бір себебі осы болар.
Осы наурыздың аяғында Парламент қабырғасы Педагогтар мәртебесі туралы заң жобасының мәтінін талқылауға кіріспек. Нұрлан Әбдіровтың сөзіне қарағанда, бұл заңға қол іліксе, депутаттар бірінші жұмысты үкіметтің педагогтарға ұсынатын әлеуметтік пакетін түгендеуден бастағысы келіп отыр. Яғни, мұғалімдердің еңбек етуден басқа да мәселелері үшін мемлекет тарапынан материалдық қолдау болуын қадағаламақ.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бопазовтың сөзі негізінен өңірлердегі мәселелер жөнінде өрбіді. Депутат өзінің сөзінде Сырым ауданында 2019 жылы жүзеге асыру жоспарланған және алдағы уақытта жүзеге асыру жөнінде тиісті ұсынысы даярланған жобаларды қолдау бағытында жұмыс жасайтынын айтты.
Жиналыста сырымдықтар да бірқатар мәселелерді көтерді. Соның бірі Сырым ауданының прокуроры Қанабіл Төремұратовтың малдың иелеріне иеліктегі малдарын бағуды заңмен міндеттеу жайындағы мәселе. Аудан прокурорының айтуынша, мал ұрлығының жиілеуі, көліктердің малға соқтығысу оқиғаларының бәрі тұрғындардың малына ие болмауынан болып отыр. Депутаттар осы мәселеге қатысты аудан шаруаларының да пікірін тыңдады.
Аудандық мәслихаттың депутаты, «Атамұра» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Тасқалиев Бұлдырты ауылынан спорт кешенін салуға қолдау білдіруді сұрады.
Актив жиналысын Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.
Мәжіліс депутаттары жиналыстан кейін аудандағы тарихи-мәдени нысандармен танысты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер