Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Наринэ Микаелян мен Магеррам Магеррамов жұмыс сапарымен Зеленов ауданында болды.
Халық қалаулылары аудан орталығы Переметный ауылындағы бірқатар нысандарды аралады. Алдымен күні кеше ғана ашылған аудандық тарихи-өлкетану мұражайына аялдап, аудан тарихы мен тыныс-тіршілігімен танысты.
Одан соң аудандық сот пен аудандық ішкі істер бөлімінде болып, қоғамдық тәртіп, құқықтық мәдениетті дамыту, медиация мәселесі т.б. бағытта бөлім басшыларымен өзара пікір алмасты.
Аудандық орталық аурухана басшылығымен кездескен халық қалаулылары денсаулық сақтау саласы бойынша аудан көлемінде атқарылып жатырған жұмыстарға қанығып, сауалдарын жолдап, тиісінше жауаптар алды.
Халық қалаулылары аялдаған соңғы нысан Достық үйі болды.
Достық үйінде меймандар алдымен жаңадан жұмысын бастаған Татуласу орталығының жұмыс барысымен танысып, тың бастамаға оң көзқарастарын танытты, түрлі ұлт өкілдерінің этно-мәдени бірлестіктері мүшелерінің өнерін тамашалады.
Облысқа танымал «Ақ ниет» әжелер ансамблі халық қалаулыларына ақ бауырсақ пен ақ дәм ұсынып, қонақжайлық танытып, өнер көрсетсе, татар, славян, украин мәдени бірлестіктерінің мүшелері әннен шашу шашты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Наринэ Микаелян мен Магеррам Магеррамовты аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған лауазымды тұлғалар бастап жүрді.
Ертай БИМҰХАНОВ
Зеленов ауданы
Фото: Түгелбай БИСЕН
zhaikpress.kz