Кеше Қаратөбе ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар келіп, аудан орталығы Қаратөбеде жүргізіліп жатырған бірқатар құрылыс нысандарын аралады.
Мәжіліс депутаты алдымен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өтіп жатырған үш қабатты Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мекемесі ғимаратының құрылыс жұмысымен танысты.
Мемлекеттік сатып алу порталы бойынша Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мекемесі ғимаратын күрделі жөндеу және қайта жоспарлау бойынша ашық конкурс тәсілімен жеңіп алған «Dizain-D.A.» ЖШС құрылыс жүргізуде. Жоба құны – 94 860 535,39 теңге.
Күрделі жөндеу жұмыстары биылғы шілде айының ортасында басталды. Шілде айында демонтаж жұмыстары, төбе жабу, терезе ауыстыру жұмыстары жасалды. Қазіргі таңда жылу, су жүйесі жұмыстары жасалуда. Күрделі жөндеу жұмыстарын қазан айында аяқтау жоспарлануда.
Одан соң Мәлік Иманқұлұлы аудан орталығындағы 11 көшеге 9,2 шақырымды құрайтын жолдарды қайта жаңғырту жұмыстарының жүру барысын көріп, мердігер компания өкілдерімен жүздесті.
Жол құрылысын жүргізуші мердігер «Ануш-Құрылыс» ЖШС өкілі Гаруш Балаянмен кездескен халық қалаулысы жол құрылысын сапалы әрі уақтылы тапсыруға күш салу керектігін атап өтті. Қатқыл табанды ауылішілік жол құрылысы қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бұдан кейін Мәжіліс депутаты Мәлік Құлшар жаңадан ашылған Алаш және белгілі қаламгер Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейінде болып, өлке тарихымен танысты.
Халық қалаулысының ауданға сапары барысында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Меңдешов бірге жүрді.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz