Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қаржы және бюджет» комитетінің мүшесі Мәлік Құлшар Казталов ауданына жұмыс сапарымен келді. Депутат аудандағы шаруа қожалық жетекшілері және ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерімен, Казталов ауылдық округінің әкімімен, аудандық мәслихат депутаттарымен, «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының партиялық резервтегі депуттарымен, партия мүшелерімен кездесіп, қоғамдық қабылдау жүргізді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты аудан орталығындағы орталық кітапханаға табан тіреп, күрделі жөндеуден өткен заманауи ғимаратпен және аудандық кітапхананың жұмысымен танысты. Осы ғимараттың мәжіліс залында ауданымыздың шаруа қожалық жетекшілерімен кездесті. Мәжіліс депутатының шаруа қожалық жетекшілері және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің мүшелерімен кездесуге аудан әкімі Альберт Есалиев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев, «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, аудандық мәслихат депутаттары, шаруа қожалық жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты. Мәлік Иманқұлұлы жиынға қатысушыларды ҚР Парламенті қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстармен, талқылану үстіндегі және қабылданған заңдармен таныстырды.
-ҚР Парламенті қабырғасында бірқатар заңдар қабылданды. Соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінен ауыл халқына үлкен әсері бар «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң енді. Ол заң қазіргі таңда бірқатар түзетулерді қажет етіп тұр. Бұл жөнінде депутаттар өз пікірімізді білдірдік. Бүгін осындай өзге де заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе жаңа заң қабылдау керек болса пікірлеріңізді білдіріп, ұсыныстарыңызды айтып отырсаңыздар, - деді ол өз сөзінде.
Жиынға қатысқан шаруа қожалық жетекшілері мен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтер мүшелері киік мәселесі, утильалым, жер мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, сауалдарын жолдады.
Ауданда соңғы жылдары киіктің көптігі мәселесі шаруалардың жұмысына кедергі болып, мал азығы тапшылығы мәселесін туындатып отырғандығы белгілі. Биыл да киіктер санының арту ықтималдығы қожалықтарды алаңдатып отыр. Бұл мәселеге назар аударған Мәжіліс депутаты «Бөкей ордасы» табиғи резерватын құруға шешім қабылданғанын, тиісті министрліктер бұл мәселені шешу жолында бірлесе жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар депутатқа кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді рәсімдеу, ауыл шаруашылық техникаларына алынатын утильалым, ауылшаруашылық жануарларын бірегейлендіру базасы, қыстық және жаздық дизель отыны бағасына қатысты сұрақтар да жолданып, жауап алынды.
Сондай-ақ ауданның дамуы мақсатында кейбір салаларда жергілікті атқарушы органдарға заңға сүйене отырып, ереже қабылдау құзыретін беру туралы ұсыныс та айтылды.
Мәлік Иманқұлұлы жұмыс сапары барысында «Nur Otan» партиясы атынан сайланған Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымовпен кездесті.
Мәжіліс депутатына округте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалып, шешімін күттіріп отырған мәселелер де айтылды. Округ әкімімен кездесуден соң халық қалаулысы «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының мәжіліс залында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қаржы және бюджет» комитетінің мүшесіне әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету, интернет желісінің нашарлығы, ауыл шаруашылығы саласындағы күрмеулі мәселелер, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына өзгерістер енгізу, журналист мәртебесін көтеру, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Қоғамдық қабылдау алаңында Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Казталов аудандық мәслихатындағы фракция мүшелерімен, партияның аудандық филиалының резервіндегі депутаттармен, партия мүшелерімен жиын өткізді.
Жиында Мәлік Иманқұлұлы Парламенттегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы хақында мәлімет беріп, партияның алдағы уақыттағы мақсаты және міндеттері жөнінде айтты.
Бұл жиында Казталов аудандық мәслихатының депутаттары Қайрат Жақыпов мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру, №19 өрт сөндіру бөлімінің ахуалы жөнінде, Гүлдана Даулетова апаттық жағдайда деп танылған Бостандық дәрігерлік амбулаториясының ахуалы, партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген балабақша салу мәселесі жөнінде депутаттық ұсыныстарын айтса, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мақсатында Александров-Гай-Фомин-Казталов бағытында шекараны ашу мәселесі, аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы хақында сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
-Бүгін Казталов ауданында бірқатар кездесулер өткіздім. Алғашқы кездесуімде шаруа қожалықтары жер мәселесі, оңтүстік аудандардағы киік санының артуы, ауыл шаруашылық техникаларына утильалымның төмендетілуі немесе мүлдем алып тастау туралы ұсыныстарын берді. Айтылған мәселелер де өте орынды, өңірге тән. Жергілікті атқарушы органның қазіргі кезде көтеріп отырған мәселесі аудан орталығында салынып отырған А.Оразбаева атындағы ОЖББМ-нің және дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының тұралап қалуы болып отыр. Оның өзіндік себептері бар. Бірі құрылысты жүргізе алмауынан болса, енді бірі құрылыс жабдықтарының қымбаттауынан туындап отыр. Аталған мәселелерді облыста анықтаймыз. Бірақ, бұл мәселе облыс деңгейінде, ал кейбіреуі республикалық деңгейде шешіледі деп ойлаймын. Осы және өзге де мәселелер бойынша біз әріптестерімізбен бірге жұмыстанатын боламыз, - деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қаржы және бюджет» комитетінің мүшесі Мәлік Иманқұлұлы.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz