7.04.2022, 21:01
Оқылды: 42

Мәжіліс депутаты Шалғын халқымен жүздесті

Күннің жылып, қардың күрт еруіне байланысты Шилі өзені арнасынан тасып Қаратөбе ауданы Шалғын ауылын су басқан болатын. Табиғи апатқа байланысты ауданда төтенше жағдай жарияланғанынан оқырмандарды хабардар еткен болатынбыз. Тасқыннан жапа шеккен ауыл халқымен кездесіп қалыптасқан жағдайды білуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар Шалғын ауылында арнайы сапармен келді.

IMG-20220407-WA0123

Мәжіліс депутаты әуелі балалардың оқуы ұйымдастырылған ауылдық клубта болып, ауыл мұғалімдерімен және оқушылармен тілдесіп, жағдайларын сұрап, оқу процесінің өтуімен танысты. Мәлік Иманқұлұлына қалыптасқан жағдайды баяндаған аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы ауыл халқының қалыпты өмір сүруіне және балалардың оқу үлгерімінен қалмауы үшін барлық қажетті шаралар жасалып жатқандығын атап өтті. Қазіргі уақытта ауыл клубында бес сынып кабинеті жасақталып, оқушылар екі ауысымда білім алуда. Оларға оқу-құрал мен киім-кешекті облыстық білім басқармасы және аудандық білім беру бөлімі жеткізіп берген.

IMG-20220407-WA0122

Одан соң тасқын судан зардап шегіп, шеткі корпусы құлаған мектеп ғимаратында болып, тасқын су кіріп үйлері құлаған тұрғындармен кездескен Мәлік Құлшар жағдайды өзі көріп, тұрғындар тілегін мұқият тыңдады.

– Еліміздің әр облысында кейбір елді мекендерге су кіру жағдайы орын алуда. Солардың қатарында, өкінішке орай, Қаратөбе ауданының Шалғын ауылы да бар. Бұл ауылдағы су шайып кеткен мектеп, ауылдық дәрігерлік пункт және 29 тұрғын үйдің 26-сы тұруға жарамсыз деп танылды. Бұл бағытта ауданда арнайы комиссия құрылып, жұмыс атқарылуда. Біз Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының арнайы тапсырмасымен елді мекендердегі халықтың жағдайын көру, олармен кездесіп талап-тілектерін тыңдау мақсатымен келдік. Міндет - қалыптасқан жағдайды бағамдап, республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлуге жағдай жасау. Шалғын ауылының халқы басқа жаққа көшуге ниетті емес екен. Елді мекенге газ тартылған, республикалық маңызы бар жол да жақын, мал басын көбейтуге қолайлы жер болып табылады. Тұрғындар тарапынан мектеп және тұрғын үйлер салу керектігі айтылуда. Ауданда төтенше жағдай жарияланғандықтан ешқандай конкурссыз қаржы қарастыру мүмкіндігі бар. Құрылған комиссия шешім қабылдап жатса апатты жағдайдағы мектеп орнына 60 орындық мектептің құрылысы басталатын болады, - дейді халық қалаулысы Мәлік Иманқұлұлы.

IMG-20220407-WA0124

Келіп жағдайларын білген Мәжіліс депутатына ауыл халқының атынан ризашылығын білдірген Шалғын ауылының ауылнайы Нұрболат Бақыт табиғи апаттан жапа шеккен ауыл тұрғындарына азық-түліктен, киім-кешектен, дәрі-дәрмектен, қажетті заттардан гуманитарлық көмек көрсетіліп жатқандығын атап өтті. Қиын сәтте араларынан табылған Мәжіліс депутатына ауыл халқының өтініш-тілектерін жоғарғы жаққа, ел басқарып отырған басшыларға жеткізуін аманаттады.

Серікбай Хасанов, 

Қаратөбе ауданы,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале