Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Снежанна Имашева жұмыс сапарымен Шыңғырлау ауданында болып, "Nur Otan" партиясының Шыңғырлау ауданы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасы аясында іске асырылған бірқатар нысандарды аралады.
Халық қалаулысы ең алдымен Партия сайлауалды бағдарламасы аясында салынған қонақ үйдің жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкердің заманауи үлгіде салған қонақ үйдің бөлмелерін аралап, тұтынушыларға ұсынылатын қызметтер қатарын білді.
Одан кейін Мәжіліс депутаты өткен жылы салынған аудан орталығындағы жалпы көлемі 2534 шаршы метр болатын 170 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Снежанна Имашева жаңа нысанның әр залын, үйірмелерін аралай жүріп, спорт саласының мамандарымен және жас спортшылармен кездесті.
Мәжіліс депутатының жұмыс сапары "Nur Otan" партиясы аудандық филиалы ғимаратында жалғасты. Алдымен "Nur Otan" партиясының Шыңғырлау ауданы бойынша Сайлауалды бағдарламасының 2021 жылғы атқарылған жұмыстар туралы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Азамат Тағаниязов баяндап, қысқаша ақпарат берді. Азамат Құлымбетұлының хабарлауынша, 2021 жылғы Сайлауалды бағдарламасында 89 тармақ болса, бүгінде оның 62 тапсырмасы орындалған. Бағдарламаның 21 тапсырмасының орындау мерзімі әлі келмеген, ал 5-уі қазіргі уақытта жүзеге асырылуда. Әйтсе де, бір тапсырманың орындалмау қаупі бар екен. Сонымен қатар А.Тағаниязов аудан көлемінде Сайлауалды бағдарламасы аясында өткен жылы орындалған ауқымды жобаларға кеңінен тоқталып өтті.
Кейін Мәжіліс депутаты тұрғындарға қоғамдық қабылдау жүргізді. Қабылдауға 4 тұрғын жазылып, мемлекеттік сатып алу заңнамаларындағы кедергілер, "Дипломмен ауылға" бағдарламасына қажетті өзгерістер, "Чингирлау" транскрипциясын "Шынгырлау" деп өзгерту және атаулы әлеуметтік көмек мемлекеттік қызметіне өзгерістер енгізу секілді мәселелерді көтерді. Халық қалаулысы тұрғындардың ұсыныспікірлеріне тиісті жауаптар мен түсініктемелер берді.
Сонымен қатар Снежанна Валерьевна аудандағы үкіметтік емес ұйым төрағалары мен қоғам белсенділерімен кездесті. Еркін форматта өткен жиында зейнеткерлікке шығуда әйелдердің жасын төмендету, Сегізсай-Шыңғырлау бағытындағы жолды жөндеуді жылдан-жылға жалғастыра беру, аудан орталығына қосымша су жинағыш жабдығын орнату және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында келген жас мамандарға мал алуға қосымша қаражат беру секілді сұрақтар мен ұсыныстар көтерілді. Шара барысында депутат қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарды Үкіметке жеткізетінін хабарлады.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz