23.08.2021, 11:12
Оқылды: 40

Мәжіліс депутаты жастармен кездесті

21 тамыз күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Мәлік Құлшар Казталов ауданында болып, белсенді жастармен және еңбек ардагерлерімен кездесті. Депутаттың жастармен кездесуі «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының мәжіліс залында өтті.

 01

Мәжіліс депутатының жастармен еркін форматтағы кездесуіне аудан әкімі міндетін уақытша атқарушы Рүстем Зұлқашев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, аудандық мәслихат депутаттары Дулат Рахматуллин, Абылайхан Шакуов, белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

02

Халық қалаулысы жастардың үніне құлақ асып, пікірлерін тыңдады.

Аудан жастары тарапынан Мәжіліс депутатына ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениет және білім саласына қатысты сауалдар қойылды.

Жастарды толғандырған сауалдар легі қазақтың ұлттық өнерін насихаттау, ҚР БАҚ туралы заңына өзгерістер енгізу, бірқатар сала қызметкерлерінің мәртебесін заңмен бекіту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту, ішкі туризмді жандандыруды қолға алу, қуаңшылықтың алдын алу, азық-түлік бағасының қымбаттауы, аудан орталығындағы 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарына қатысты болды. Аудандық мәслихат депутаты Дулат Рахматуллин азық-түлік бағасын тұрақтандыру және «Дипломмен ауылға» бағдарламасына жастар ресурстық орталығының мамандарының мәртебесін бекіте отырып, өзгеріс енгізу мен қуаңшылықтың алдын алу мәселелерін көтерсе, жас маман, белсенді зерттеуші Абзал Есенғазиев ішкі туризмді дамыту керектігін алға тартты.

03

- Елімізде әлеуметтік-экономикалық салаға, жастарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Дегенмен мәдениетіміздің ақсап тұрғандығы жасырын емес. Сонымен қатар әр өңірдің жастары өзінің туған жері туралы тарихи деректермен танысып, тарихи орындарға зерттеулер жүргізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін ішкі туризмді дамытуға көңіл бөлгеніміз жөн. Ауданымыздың тарихи орындарына экспедициялар ұйымдастырылып, зерттеу жұмыстары қолға алынса тарихымыз насихатталады. Бұдан бөлек мәдениетіміздің қалыптасуына да ден қоюымыз керек, - дейді жас маман Абзал Есенғазиев.

Халық қалаулысымен өткен жиында кіші қызметкерлердің, жастардың, тілшілер қауымынң мәртебесін көтеру мәселесі де назарға алынып, ұлттық өнерімізді дәріптеу де ұсынылды.

Кездесу соңында жастардың әр ұсынысы мен сауалына аса ыждағаттылық танытқан мәжіліс депутаты жиында айтылған мәселелер назарда болатындығын жеткізді.

04

- Сіздердің ұсыныстарыңыз назарға алынады. Біріңіз аудан, облыс деңгейінде мәселелер көтеріп, біріңіз республика көлемінде нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарыңызды айтып жатырсыздар. Пікірлеріңізді ашық білдіргендеріңіз үшін алғысым шексіз. Қазіргі заманда жастарға үлкен мүмкіндік жасалған. Соны тиімді пайдаланып, сапалы білім алып, ел игілігі үшін еңбектеніңіздер. Азаматтық көзқарастарыңызды сақтап қалыңыздар, - деді Мәлік Иманқұлұлы.

Халық қалаулысы Мәлік Құлшар жастармен кездесуден соң канвассинг форматында еңбек ардагері Тұрақбай Дүйсеновтың және Жалпақтал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилым Едекешовтың шаңырағында болып, «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылға арналған бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, халықтың пікірі ескерілетіндігін атап өтті. Ардагерлер халық қалаулысына ақ батасын беріп, ауданның өзекті мәселелерін айтып, халық пікірін жеткізді.

ҚР Мәжілісі депутатымен өткен кездесуде санитарлық талаптар сақталды.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале