28.08.2023, 23:50
Оқылды: 52

Медаль бар, грант жоқ

Бұлдыртылық қол күресінен бапкер, ұлттық дәрежедегі төреші Төлеген Құраш Алматыдан ақжолтай хабармен бөлісті.
photo-output
Жерлесіміз, жас спортшы, Бұлдырты мектебінің биылғы түлегі, қол күресінен Батыс Қазақстан облысының жеңімпазы, ҚР кубогінің, ҚР чемпионатының жеңімпазы, қол күресінен спорт шебері, Азия, Әлем чемпионы Гауһар Рустамова 60 келі салмақ дәрежесінде Алматы қаласындағы 44-жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Аталған чемпионатқа 35 мемлекеттен 1500-ге тарта спортшы бақ сынады.
photo-output
Қырғызстан, Украина, Түркия армспортшыларымен таласқа түскен біздің спортшы қыз финалда өз қазағымен сынға түсті.
photo-output
Әрине, Гауһардың жанкүйерлері мен бапкері секілді біздің де төбеміз көкке бір елі жетпей тұр. Алайда, бір “әттеген-ай” дегізер жайт қынжылтып тұр.
Алатаудан алтынмен пара-пар медалін мойнына тағып келе жатқан спортшы бойжеткеннің уайымы да жоқ емес. Елі үшін, туған жері үшін білектің күшін сарп еткен Гауһардың еңбегі қалай бағаланбақ?!
photo-output
Ел қатарлы ұлттық бірыңғай тестілеуден 4-5 балл жетпей қалып, көптен ойда жүрген Орал қаласындағы қара шаңырақ – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің “дене шынықтыру пәнінің ұстазы” боламын деген бала тілегі көзден бұлбұл ұшты.
Сонда, чемпион қыздың қадірін білуіміз үшін міндетті түрде чемпионаттан орын алуы керек пе?!
Қазақстанның атын, Сырым елінің атағын шығарған армспорт шеберіне туған жердің, жерлестердің алғысының құны қандай болмақ?
Әлде жас спортшылар, елдің ертеңі болар ұрпақ тек медаль алып, спорт мінбесіне шыққанда ғана керек бола қалғаны ма?
-  Гауһардың ізін басып келе жатқан  жас спортшыларыма “болашақта Әлем чемпионы, спорт шеберіне үміткер болу үшін, тынбай еңбек етіңдер” десем, “болашақта оқуға түсе алмасақ, Чемпион болғанымыздың құны көк тиын емес пе?” дейтін шәкірттеріме қарап ішім қанжылайтынын жасырмаймын. Болашақта еліміздің көк туын желбіретер Чемпиондарымыз көп болсын десек, олардың сағын сындырмай, жағдай жасауымыз керек, - деп ағынан жарылды бапкер Төлеген.
Расымен де, жас спортшылар болашақта алаңсыз чемпионаттарға дайындала алмайтын болса, өздері ойлаған, армандаған жоғары оқу орнына түсе алмаса, бүгіннен бастап-ақ спортқа құлшынысы қашып кетпей деген уайымымыз бар.
Ал, елдің атынан бұрын туған топырақтың басшылары, спорт жанашырлары тарапынан қолдау болмаса, бір чемпионға бір грант бұйырмаса, ауданымызға, облысымызға, Жаңа Қазақстанымызға үлкен сын болмайды ма?!
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале