4.07.2024, 9:32
Оқылды: 293

«Медбике – дәрігер мен пациенттің арасындағы алтын көпір» – Зеріп Жұмағазиева

Адам баласының ең басты байлығы – денсаулық. Осы деніміздің саулығын тексеру үшін ауруханадағы ақ халатты абзал жандарға жүгінетініміз белгілі. Ауруханаға келген кезде дәрігерден бұрын бізге ең бірінші медбикелер көмектеседі.

Мейірбикелер – дәрігерден кем емес жауапты жұмыс атқаратын мамандық иелері. Қандай дерт болмасын олар науқаспен бірге күреседі. Осы бір мамандық иелерінің міндеті тек дәрігердің айтқанын орындап қана қоймай, науқастарға мейірімділікпен қарап, олардың күтіміне толығымен жауапты болу. Негізгі күш болып саналатын осы бір маман иелері сырқаттанып қалған жанның ауруханаға келген кезінен жазылып, аяғына тұрып кеткеніне дейін жанында болып, қарайды.

Медицина – қызық әрі қиын сала. Бұл қанша оқып, жұмыс жасасаң да, білмейтінің көп болатын салалардың бірі. Бұл мамандыққа біреулер өз қалауларымен келсе, енді біреулер ата-анасының таңдауымен келеді. Себебі медицина қызметкерлерінің жұмысы жауаптылықты талап етеді. Бүгінгі кейіпкерлеріміздің бірінің осы салада жұмыс жасап жүргеніне көп болмаса, енді бірі – өмірінің жартысын медбикелікке арнаған.

«Бұл салаға ата-анамның ықпалымен келдім»

57A087B3-79AF-4548-8FD1-062753530EA8

Бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлерінің бірі – Аяжан Ғалымжанова. Ол аудандық аурухананың перзентханасында акушер болып жасайды. Аяжан Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжінде 2017-2020 жылдары оқып, емдеу ісі мамандығы бойынша акушер біліктілігін алып шыққан. Ол еңбек жолын алғаш аудандық емханада учаскелік акушер және жүкті әйелдер патологиясының акушері қызметінде бастаған екен. Бүгінгі таңда аудандық ауруханамыздың босану бөлімшесінің акушері міндетін атқарады.

Негізінен акушер Аяжан медицина саласынан алыс отбасыдан шыққан. Десе де өзі дәрігер отбасына келін болып түсіпті. Себебі жолдасы да осы саланың маманы екен. Кейіпкеріміздің өмірлік серігі Ақсай қаласындағы гемодиализдік орталықта нефролог дәрігер болып жасайды.

Медбикенің жұмысы қауырт екені бәрімізге белгілі. Оның жасайтын жұмысы өте көп. Біз де Аяжаннан күнделікті жұмыс уақыты қалай өтетінін сұраған едік.

– Жұмыста жүкті әйелдерді қабылдаймын. Жүкті әйел түскен кезде оның қан қысымын, пульс, температурасын, іш өлшемін, жатыр биіктігін және іштегі баланың жүрек қағысын анықтаймын. Әйел босану палатасына түскен кезде босандыру шараларын жүргіземін. Ана мен жаңа туылған нәрестеге күтім жасап босанғаннан кейінгі кезеңді бақылаймын. Босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі кезеңде инъекциялық шараларды да атқарамын. Босанғаннан кейін әйелдерге баланы қалай еміздіру, гигиена, вакцинация, тамақтану бойынша кеңес те беремін, - дейді акушер Аяжан.

Ақ халатты дәрігердің сенімді серігіне айналған медбикелердің жұмысы қашан да жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Негізінен бұл сала Аяжанның қалаған саласы емес екен. Бұл салаға кейіпкеріміз ата-анасының шешімімен келген. Өзі негізінен басқа салада білім алып, жұмыс істегісі келген екен. Алайда ата-анасына қарсы шықпай, осы мамандық бойынша білім алыпты. Бүгінгі күні акушер мамандығы кейіпкеріміздің сүйікті ісіне айналған.

– Дәрігердің берген тапсырмаларын орындайтын медбикенің жұмысы аса қиын көрінбейтіні белгілі. Дегенмен, науқастың денсаулығына ең бірінші жауапты жандардың да бірі осы мамандар. Менің таңдауым болмаса да осы салада қызмет етіп жүргеніме мақтанамын. Ешқашан өкінген де емеспін. Аталған салада еңбек етіп жүргеніме 4 жылдан асты. Көп адамның алғысын естіген кездеріміз де бар. Перзентханада жұмыс істеп жүріп көп жағдайларды да көрдік. Қиын да жағдайларды бастан өткердік, - дейді кейіпкеріміз.

«Медбике – дәрігер мен пациенттің арасындағы алтын көпір»

E9F1C4BD-00B4-4D6A-B04E-C1A30B23963E

Мақаламыздың екінші кейіпкері – Зеріп Жұмағазиева. Ол аудандық ауруханада профпатологтың медбикесі. Негізінен Зеріп Мұрзағұлқызы Шыңғырлау ауданының тумасы. 1987 жылы Орал қаласындағы медучилищені медбике факультеті бойынша бітірген. Кейіннен Шыңғырлау аудандық стационарға балалар бөлімінің медбикесі ретінде орналасып, алғашқы еңбек жолын бастаған. 1998 жылы туған жері Лубин ауылына медбике ретінде ауыстырылған. Отбасылық жағдайлармен 2006 жылы Ақсай қаласына көшіп келіп, БиоДент стоматологиясында жұмыс істеген. 2010 жылы Бөрлі аудандық ауруханасына  стоматолог медбикесі болып кірген. 2015 жылы УЗД бөлімінің медбикесі қызметіне, ал 2019 жылы профилактикалық кабинеттің медбикесі қызметіне ауыстырылған. Зеріп Мұрзағұлқызының 36 жыл еңбек жолы медицинаның әр саласында қызмет етумен өткен екен. Ол – отбасында жалғыз дәрігер. Жанұясының басқа мүшелері мүлде басқа салада қызмет етеді.

Тәжірибелі маманның күнделікті жұмыс уақыты 15 минут бұрын барып, кабинетті дәрігер келгенше әзірлеп, таңертеңгі сағат 8.00-ден бастап пациент қабылдаумен басталады.

– Таңертең ертемен ауданымыздағы компаниялардың қызметкерлері жылдық медициналық тексерістен өтуге келеді. Оларға анализ, флюраграфия, электрокардиограмма және басқа да кабитнеттерге жолдама жазып беремін. Түсқайта дайын болған қорытындыларды дәрігерге әзірлеп қоямын. Менің жұмысым күнделікті осы қызметтерді атқарумен өтеді. «Жақсы жұмыс – жанға тыныс» демекші әр адам өзі қалаған мамандығы бойынша жұмыс істесе, оның жұмысы өнімді әрі мұқият болады, - дейді кейіпкеріміз.

36 жылдан бері медбике ретінде жұмыс істеп келе жатқан Зеріп Мұрзағұлқызы осы уақытқа дейін мамандығына деген адалдықтан айныған емес. Ол қандай қиын жағдай болса да қызметін жауапкершілікпен атқаратын жан.

– Медбике – дәрігер мен пациенттің арасындағы алтын көпір деп санаймын. Себебі екі ортада үнемі медбике жүреді. Олар белгіленген ем-дом шараларды орындап, дәрігердің науқасты тексеруіне жағдай жасайды. Біздің міндет – науқасқа күтім жасап, емделушіге қызмет көрсету. Медбике ең алдымен мейірімді болу керек. Өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарауға міндетті. Олар емделушінің көңілін таба білуі керек. Бұл мамандықты жүректің қалауымен, өзім таңдадым. Сонда жұмысың да ұқыпты, өзің де сүйікті ісіңе жауапты боласың. Болашақ медбикелерге өз ісіне сенімді жұмысына жауапкершілікпен қарауға кеңес беремін. Өзіміздің міндетімізді атқарып жүріп, жас мамандарға да кеңестер беріп, жол көрсетіп жүреміз.  Не дегенмен де, ақ халаттылардың жұмысы оңай емес, - дейді тәжірибелі маман.

Бүгінгі күні тәжірибелі медбике 2 ұл 1 қыздың анасы, 2 немеренің сүйікті әжесі. Сүйікті жұмысынан бос уақытын балалары мен немерелеріне арнайды.

Жүгі ауыр салада қызмет етіп, жылылық пен мейірімділіктің символына айналған медбикелер қашанда сый-құрметке лайық жандар. Кез келген медициналық көмек көрсеткен кезде дәрігерге көмектесетін медбикенің жұмысы да үлкен еңбекті талап етеді. Бәрімен бірдей Гиппократ антын қабылдап, міндетін дәрігерден кем емес атқаратын медбикелердің мәртебесі әрқашан жоғары болуы керек.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале