Ел даусыз болмайды,
Ер жаусыз болмайды, – дейді дана халқымыз. Қоғамда дау-дамайдың көптігі жасырын дүние емес. Ал дауды шешу тек құқық қорғау органдары және сот жүйесінің құзыретінде деген пікір де қалыптасқан. Дегенмен қос тарапты бітімге шақыратұғын медиация институты жайлы не білеміз? Медиация маманы медиатордың құзыреті қандай? деген сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезекті Жолдауында «Он жылдай уақыт бұрын «Медиация туралы» Заңды қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек» деген болатын. Рас, медиация деген ұғымның өмір сүретіндігінен көпшілігі бейхабар. Әйтсе даудың оңынан болып, бітімге келудің бірден-бір жолы – медиация.
«Ауданымыздағы медиацияның ахуалы қандай?» деген сауалға жауап алу үшін кәсіби медиатор Марат Тоясовты әңгімеге тарттық.
– Осы кезге дейін медиацияның даму мәселелерімен негізінен жергілікті соттар мен Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған органдар айналысып келді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының «Сотсыз татуласу орталығы» бағыты бойынша белгіленген жоспарларға сәйкес медиаторлардың, жергілікті жерлерде билер кеңестерінің құрылып жұмыс істеуіне ықпал етіп келеді. Жалпы аудандағы медиация аудан басшылығы тарапынан қолдауға ие болғанымен, халықтың көпшілігінің бұл саланы жете түсіне бермеуінен кенжелеп тұр. Ал медиатор – бұл бітімгер. Қазіргі таңда медиацияның ауқымы кеңейіп келеді. Оған дәлел менің тарапымнан 2018 жылы небәрі 11 медиация рәсімі өткізілсе, 2019 жылы – 38, ал 2020 жылдың қаңтар мен қыркүйек айларының аралығында 45 медиация рәсімі жүргізілді. Дегенмен медиацияның қолданылу аясын әлі де кеңейту керектігін ескерген жөн, - деген пікірін білдіре отырып Марат Тоясов медиацияны насихаттау жұмыстарына көңіл бөлінсе деген тілегін де жеткізді.
Медиация өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының екінші жартысынан бастап дүние жүзінің дамыған елдерінде кеңінен енгізіле бастаған. Қазіргі кезде медиация Еуропа, АҚШ және Австралия мемлекеттерінде белсенді түрде қолданылып келеді. Ал оның көптеген артықшылықтары бар. Алдымен тараптар уақытын үнемдейді, себебі сот рәсіміне қарағанда бұл рәсім әлдеқайда қысқалау және мемлекеттік баж салығын қажет етпейді. Сотта көбіне жариялылық басым болғандықтан, сөздердің де тез тарауы салдарынан адамның психикасына да әсерін тигізеді. Медиацияда қос тарап арасындағы мәселе жасырын қалып, құпиялылығын сақтап, азаматтардың абыройына нұқсан келмеуін мақсат етеді.
Хош, ақпаратқа қанық болдық. Ауданымыздағы медиацияның да ахуалын байқап тұрмыз. Айтарлық бұл салада қызмет етіп жүрген азаматтар аз емес. Ауданымызда 20 қоғамдық негіздегі кәсіби емес модераторлар бар. Бүгінде бұл салада белсенді жұмыс істеп жүрген бітімгерлер Қошанкөл ауылдық округінен Марат Бигалиев, Жалпақтал ауылдық округінен Абылай Молдашев, Қараөзен ауылдық округінен Амангелді Кенжеғалиев, Қайыңды ауылдық округінен Тұрсынай Иманғалиеваның есімдерін атауға болады. Аудан медиаторлары өткен жылы – 94, биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек араларында 127 медиация рәсімдерін өткізіп, қоғамдағы дау-дамайдың азаюына ықпал етуде. Олардың бірі – Марат Бигалиев. Ұл-қыздары заң саласында қызмет етіп жүрген медиатордың тұңғыш ұлы да Орал қаласында кәсіби медиатор қызметінде. Ал медиация саласында еңбегі үшін біраз алғысхаттар мен облыс көлемінде де медиацияның дамуына үлес қосып жүрген Марат Бигалиев ағамыздың медиация жөніндегі пікірі мынадай:
– Елімізде халықтың игілігі үшін барлық жағдай жасалған. Әйтсе де татулықтың жоқтығы қоғамды аздырып отыр. Бір-бірімен жанжалдасып, бет жыртысып, соттан бір-ақ шығып, істері әшкере болады. Медиация жаңа қолданылған термин болғанымен, ата-баба дәстүрінің жалғасы. Бұған негіз ертеректе билер сотының болғандығы, билер мен шешендердің ықпалының артқандығы. Яғни ықылым заманнан бастау алған дауды шешу мәселесі жаңа атаумен қазірге қоғамда қайта қалыптасты. Ал медиатор бидің рөлін атқарады. Біздің негізгі мақсатымыз – халықтың арасында татулықты орнату, – деген ағамыз Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясына қатысқандығын айтып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кезекті сессияда татулық ұғымына бас назар аударып, халық арасында насихаттауға көңіл бөлу керектігін атап көрсетті деп түйіндеді.
Иә, ағамыздың пікірі орынды. Тарихқа көз жүгіртсек, халық арасында билердің ықпалының артықшылығын байқаймыз. Дау қазылықтан бұрын билер сотының алдынан өтіп, шешімін тауып отырды. Ер дауы, жесір дауы, жер дауы сынды даулардың ақ-қарасы ажыратылып, ауыл ақсақалдары мен билердің талқысы арқылы қордаланған мәселелер шешімін тапты. «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деген дала философиясын ескеріп, Казталов аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Руслан Қаженов өз ойымен бөлісті.
– Азаматтар кейде шағымын сотқа беріп қойған соң, қайтып алу мүмкін емес деп ойлайды. Медиацияның ерекшелігі әрі ыңғайлылығы – дауды соттың қарауында жатқанда да сұратып алып, медиаторлар шешіміне ұсынуға болады. Бұл – бірімен-бірі соттасып жатыр деген жаман атақтан құтқаратын жол. Іс медиация рәсіміне берілгенде, сот іс жүргізуді тоқтата тұрады. Дауласушы тарапты ымыраға келтіріп, дауды ұзаққа созбай шешудің кілтін тапқан дала данышпандарының тәжірибесі – кейінгі ұрпаққа сабақ. Әлбетте, медиацияны енгізуге өмірлік тәжірибе себеп болғаны айқын. Осындай, ата-бабамыздан келе жатқан құқықтық нормалардың жалғасы іспеттес медиацияның жазаны ізгілендіруді жолға қойып, түзеу мекемелеріндегі сотталғандар санын азайту мақсаты жолында маңызы зор.
Медиацияның қолданылу саласы жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ жеңіл немесе ауырлық дәрежесі орташа қылмыстық іс түрлерінің өндірісі бойынша қаралатын істер болып табылады. Мәселен, Марат Тоясов биылғы жылы 45 істі қараған болса, оның 21-і қарыз ақша өндіру, 18-і әкімшілік істер, 4-еуі қылмыстық істер және 2-еуі неке бұзу мәселелері болды. Негізінен істі сотқа жеткізбей қарау тәжірибесі азаматтық және отбасылық істерде көптеп қолданылатынын көрсетіп отыр. Барлық қаралған мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданып, келісімшарттар жасалады. Бір ғана мысал келтірейік. А есімді азаматтың малы жоғалған. Жоғын іздеп жүрген иесі өзі асыраған түлігін Қ. есімді кәсіпкерден байқап қалады. Алайда кәсіпкер малды әлдекімнен сатып алғандығын және кім екендігін ақ-қарасын түсіндіріп береді. Иесі малды даулап, ұрлаған С. есімді азаматты сотқа берген. Дегенмен сот істі медиацияның көмегімен шешуге болатындығын айтып, медиаторға жүгінуді ұсынған. Медиатор істің ақ-қарасын анықтап, С. есімді азаматқа ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы немесе 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлейтіндігін түсіндіреді. Сөйтіп істің ақ-қарасы анықталып, қос тарапқа түсіндіріліп, жасаған айыбы үшін мал ұрлаған С. малды және бірнеше қойын қосып иесіне қайтарады. Бұл – ауданымызда орын алған жағдай. Әйтсе де медиацияда қаралған істің жариялылығы құпия болғандықтан атын атап, түсін түстемей мысал ретінде назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Түйіндер болсақ, медиацияның маңыздылығын ескере отырып, мемлекет тарапынан қолдау артса, медиаторлардың көпшілігі зейнеткерлер болғанымен жұмыстарының жауапкершілігіне сай еңбектері еленсе дейміз. Ал сіз, оқырман медиацияға жүгінсеңіз медиаторды да өзіңіз таңдау құқығына ие боласыз. Сенімді, бұл істе тәжірибесі бар маманға жүгініп, мәселеңізді оңтайлы шешуге болады. Сондықтан қандай да бір істе болмасын уақыт жоғалтып, абыройымызды төгіп соттаспай-ақ, бітімге келудің жолын қарастырайық!
,