Зеленов ауданы орталығында БҚО әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ ұжымының ұйымдастыруымен аймақтық семинар-жиналыс өтті.
Тасқала, Бөрлі аудандарының қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдері, қоғамдық медиаторлар және аудан жастары қатысқан семинарды кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімінің орынбасары Ринат Шәуенов:
- Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы негізінде 2018 жылдың 5 шілдесінде аудан орталығындағы Достық үйі ғимаратында «Татуласу орталығы» ашылды.
Қазір елімізде медиация және бейбітшілікті сақтаудың бірыңғай орталығы жұмыс істейді. Медиаторлардың құрамында сот төрағасы, жергілікті жерде беделі бар құрметке ие ақсақалдар мен аналар, жергілікті полиция қызметінің мамандары тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша нақты шешімдер табуға көмектеседі, - деді.
Одан соң БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова сөз сөйледі.
Жамал Сағынғалиқызы жиналғандарға өзі басқарып отырған мекеменің жұмысы туралы айтса, қоғамдық келісім және әлеуметтік бастамалар бөлімінің басшысы Ботакөз Зайнуллина БҚО ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің жалпы жұмысы мен оның қоғамдық кеңестен айырмашылығын айқындап берді.
Сондай-ақ жиналыста БҚО әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ медиаторы Алуа Ракишева медиацияны аудандарда дамыту туралы ойын білдірсе, БҚО әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ сараптамалық-талдау бөлімінің басшысы өңірдегі "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша жасалған жұмыстардың сараптамасын жіпке тізді.
Жиналыс соңында БҚО ҚХА "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысының мүшесі Қаженова Жанаргүл Ұлықпанқызы жастарды Елбасының жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысына аудан және ауыл жастарын тартуға шақырды.
Түгелбай БИСЕН
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz