9.08.2022, 17:15
Оқылды: 59

Медиация мәмілеге шақырады

Қоғамда дау-дамайдың көптігі жасырын дүние емес. Ал дауды шешу тек құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің құзіретінде деген пікір бізде әу бастан қалыптасқан. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезекті Жолдауында «Он жылдан астам уақыт бұрын «Медиация туралы» заңды қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек» деген болатын. Рас. Медиация деген ұғымның өмір сүретіндігінен көпшілігі бейхабар. Әйтсе де бүйіріміз шашылмай, дау оңынан болып, бітімге келудің бірден-бір жолы – медиация екенін қайталап айтудан шаршамаймыз.

14

5 тамыз – республикалық медиация күні аясында ауданымыздағы медиациялық ахуал жөнінде білу үшін кәсіби медиатор Марат Тоясовты әңгімеге тарттық.

11

- Қазақстан Республикасында 2011 жылдың 5 тамызында «Медиация туралы» Заңы күшіне енді. Осыған орай 5 тамыз - Медиация күні болып белгіленді. Ауданның барлық медиаторларын кәсіби мерекемен құттықтай отырып, дендеріне саулық, алдағы игі істеріне сәттілік тілеймін. Қоғамда дау-дамай туындамай тұрмайды. Ол кез келген уақытта әрбір адамның басында орын алуы мүмкін. Даулар, жұмыс берушілермен, кәсіпкерлікпен айналысқанда, көршілер арасында, отбасында, тіпті бұрын-соңды танымайтын адаммен арада дау туындап қалуы мүмкін. Ал сол дауды шешудің ең тиімді жолы - медиация. «Медиация туралы» Заңда медиацияның қолдану өрісі: дау-дамай, талас, азаматтық және еңбек, отбасылық және басқа да құқықтық қарым-қатынас туралы, сондай-ақ жеңіл және орташа қылмыстық іс бойынша сот ісі кезінде медиацияның шараларын пайдалану жөнінде нақты көрсетілген.

Сөйтіп, енді сотқа жүгінбей-ақ, медиатор-бітістіруші арқылы талас, дау-жанжалды шешуге болады.

Медиация – жанжалдарды соттың қатысуынсыз медиатордың көмегімен шешу формасы болып табылады. Медиация инстуты қазаққа жат емес. Тарихтан белгілі қазақтың билер соты осы бітімгершілік қағидасын бетке ұстап, әділ төрелік жасаған. Қазіргі таңда дамыған елдердің бәрінде дауды шешудің әртүрлі әдістері белсенді енгізіліп жатыр, соның ішінде медиация ерекше және  басым орын алып отыр. Оларда адам арасындағы даулардың 80-90 пайызы сотқа жеткізілмей медиация арқылы шешіледі.

Қазақстанда «Медиация туралы» Заңы 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданып, жүзеге асырылуда. Осы Заңмен медиацияны ұйымдастыру, оны өткізудің ұсынымдары, медиатордың және медиатор ұйымдарының орны анықталды.

Медиация тәсілімен азаматтық-құқықтық дауларды, жеңіл және орташа қылмыстық істер, әкімшілік құқық бұзушылықтарды сотқа жеткізбей реттеуге болады. Яғни, қандай бір мәселе бойынша келіспеушілік туған жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар оны соттан тыс, өзара келісім арқылы шеше алады. Егер адамдар сотқа жүгінген жағдайда, сот шешімін күтіп біраз уақытын өткізеді, сонымен қатар мемлекеттік баж төлейді.

Ауданымызда медиацияны дамыту бағытында аудандық сот пен аудан әкімдігінің қолдауымен бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Барлық ауылдық округтерде кәсіби емес 20 медиаторлар және билер кеңестері құрылып, жұмыс істеуде. Олардың қатарына елге сыйлы азаматтар іріктеліп, алынды, жергілікті өкілетті органдар медиаторлардың тізімін жыл сайын жаңартып отырады. Бүгінде бұл салада белсенді жұмыс істеп жүрген Марат Бигалиев, Амангелді Кенжегалиев, Болат Бекешов, Кайырболат Кизагалиев, Садыр Жанетов, Тұрсынай Имангалиева, Дархан Даулетияровтың есімдерін атауға болады.

Бүгінде аудан орталығы Казталов ауылында татуласу орталығы жұмыс істейді. Бірқатар ауылдық округтерде медиация кабинеті ашылды.

Аудан тұрғындарының медиацияға сенімі жылдан-жылға арта түсуде. Тек өткен жылдың өзінде аудан медиаторларының қатысуымен 100-ден астам мәселелер қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Соның ішінде аудандық татуласу орталығында 2021 жылдың қорытындысы бойынша 57 іс қаралды. Олардың ішінде 1 қылмыстық іс, 20 әкімшілік іс, 2 неке бұзу және 34 қарыз ақша өндіру мәселелері болды. Биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында осындай 14 іс тіркеліп отыр.

Дегенмен адамдардың медиатордың көмегіне жүгінулері әлі де болса аз. Алдағы уақытта медиация туралы аудан тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, татуласу әдістерін кеңінен көрсету, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізе отырып, қоғамда өзара сыйластық пен түсіністікке тәрбиелеу, медиаторлар кадрларын дұрыс іріктеу, олардың сапалық құрамына жете көңіл бөлу, оқытып білімдерін жетілдіру сияқты мәселелері туындап отыр.

Болашақта аудандық сот пен аудан әкімдігінің қолдауымен ауданымызда медиацияны одан әрі дамыту бағытындағы бірлескен жұмыс жалғасын таба беретін болады. Елдегі тыныштықты сақтау баршамыздың міндетіміз, осы бағытта жұмыла жұмыс жүргізе берейік, -деді кәсіби медиатор.

Иә, медиация - аса ауыр қылмыстан басқа кез келген қылмысты прокуратураға өткізбей, шешудің баламалы жолы. Заман ағымына сай дау-жанжалды бейбіт түрде үшінші тараптың қатысуымен шешу бүгінде медиация әдісіне бастар жол екені белгілі.

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале