2.02.2023, 17:30
Оқылды: 48

Медиацияны қолданудың өзекті мәселелері

Қаратөбе аудандық сотында, сот төрағасы М.Шүкіровтің төрағалық етуімен, судья Ә.Қарекеновтың, Қаратөбе ауданы әкімінің аппаратының заңгері В.Ғұбайдуллинаның,  аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Е.Тойшыбаевтың, "Қаратөбе өңірі" газетінің жауапты хатшысы Е.Райсовтың, Қаратөбе, Жусандыой, Қоскөл, Саралжын, Аққозы ауылдық округтерінің қоғамдық медиаторларының қатысуларымен «Медиацияны қолданудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

22

Дөңгелек үстелді жүргізген сот төрағасы М.Шүкіров медиаторлардың қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың негізгі мақсаты кезіндегі билер сияқты дауласқан тарапты татуластыру, дау-дамайды шешу екендігін, сонымен қатар қоғамда олардың беделі мен біліктілігі де зор болуы тиіс екендігін айтты.

Елімізде «Медиация туралы» Заңының қолданысқа енгізілгеніне биыл 12 жыл толып отыр. Бұл Заңға сай, медиация тәртібімен татуласу азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтындығын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, Заңда көзделген кейбір ауыр қылмыстар туралы істер бойынша және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын даулар бойынша қолданылатындығын алға тартты. Алайда қоғам әлі де дауды тек сот арқылы ғана шешу керек деген көзқарастан арылмай, сәл дау туындаса медиаторларға жүгінбей, дереу сотқа жүгініп жатады. Ал сотқа жүгіну тараптардың уақытын жұмсаумен қатар, мемлекеттік баж, жол қаражаты, заңгерлер жалдауға және тағы да сот шығындарына әкелетінін жеткізді. Сондай-ақ, дауласқан тараптың арадағы қарым-қа­тынасына, сыйластығына, абыройына нұқ­сан келтіретінін айтып, медиация тәртібімен дауды шешу тиімді екенін атап өтті.

Ауданымыздың 8 ауылдық округінде 8 қоғамдық медиаторлар тіркелген. Былтырғы жылы аудандық сотта 18 азаматтық іс сот медиациясы тәртібімен тоқтатылған. Өткен жылы сотқа дейін және сотта қоғамдық медиаторлардың қатысуымен шешілген даулар болмаған. Сондықтан жергілікті қоғамдық медиаторлардың жұмысын жандандыру қажет екендігіне тоқталды. Ал, заңнамаға сай медиация саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, медиаторлар тізілімін жүргізу, қоғамдық медиаторды сайлауды ұйымдастыру, олардың қызметін үйлестіру, жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету уәкілетті органдар әкімдіктер мен ішкі саясат органдары құзыретіне жататынын айтты. Сондықтан уәкілетті органдар қоғамдық медиаторлар қызметін өз деңгейінде жүргізу үшін жан-жақты жағдай қарастырып, олардың жұмысын үйлестіріп, медиация кабинетімен және қажетті жиһаздармен қамтамасыз ету, біліктілігін арттыру курстарына жіберуді ұйымдастыру және халықа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет екендігін атап өтті.

Аталмыш іс-шарада аудандық сот судьясы Ә.Қарекенов, әкімінің аппаратының заңгері В.Ғұбайдуллина және қоғамдық медиаторлар медиацияны қолданудың өзекті мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстелге қатысушылармен тақырып бойынша негізгі мәселелер талқыланды. Қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, ұсыныстар айтылды.

Ерболат Мырзағұлұлы,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале