Өңірімізде еңбегімен елдің ықыласына бөленіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі - Шыңғырлау аудандық емханасының жоғары санатты мейірбикесі Дариға Исағалиева.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші кейіпкеріміздің шипалы қолынан ем-дом алып жүрген аудан тұрғындарынан ол туралы жылы лебіздерді жиі естиміз. Біз де өз тарапымыздан жас та болса ел алғысын алып жүрген жанның өмір, еңбек жолын баяндауды жөн санадық.
Дариға Сәкенқызы - Сырым ауданының тумасы. Ата-анасының жұмыс бабымен Қаратөбе ауданына қоныс аударуына байланысты Жамбыл Жабаев атындағы мектепті 1995 жылы тәмамдайды. Орал қаласындағы көпбейінді қалалық ауруханасының бет-жақ хирургиясында жұмысқа орналасады. Жұмыс жасай жүріп, бала күнгі арманына қол жеткізу үшін «Мақсат» Орал медициналық колледжіне оқуға түсіп, 2009 жылы мейірбике ісі мамандығын алып шығады. Өз ісіне ұқыпты, тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтын жас маманды хирургия бөлімі бірден жұмысқа қабылдайды.
Ал 2014 жылдан бері Шыңғырлау аудандық емханасының ем-шара бөлімінде мейірбике қызметін атқарып келеді. Мейірбике жұмысы жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Күніне кем дегенде елу-алпыс адамнан анализ алу, дәрігердің нұсқауымен сырқаттардың екпелерін егу, алғашқы көмек көрсету сияқты тынымсыз еңбекті қажет ететін бұл салада да Дариға Сәкенқызы өз біліктілігін, тәжірибесін көрсете білді.
«Менің еңбек жолымда дүние жүзін дүр сілкінткен кеселдің бетін қайтару үшін провизорлық орталықта бір айға жуық еңбек еткен кездерім әсте естен кетпесі анық. Шілденің шыжыған ыстығында күн ұзаққа ауа өтпейтін қорғаныш киіммен жүріп жұмыс жасаудың өзі бір ақирет еді. Осы жерде науқастардың жанынан табылып, саулығын қалыптастыру жолында аянбай еңбек еткен дәрігерлер Эльмира Құрманғалиева мен Мөлдір Байтенованың ерен еңбектерін атап айтуға болады. Осы дәрігерлердің біліктілігі мен жүйелі емдеуінің арқасында қаншама жан сырқатынан айығып, жанұясына оралды. Солардың қуанышты жүздерін көріп өзіміздің қауіп-қатердің ішінде жүргенімізді ұмытып кететінбіз»,- дейді Дариға Сәкенқызы.
Аудан тұрғындарына қалтқысыз еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жанның еңбегі ескеріліп, республикалық «Елжанды жас патриоттар академиясы» және аудан әкімі, әкімшілік тарапынан марапаттарға ие болды.
Бүгінде Дариға Исағалиева алған білімімен тоқталып қалмай, көрші Ресей қаласындағы Орынбор мемлекеттік медициналық университетін сырттай оқып, білімін жалғастыруда.
Отбасының бақыты да, шаттығы да қызы Мәлика С.Сейфуллин атындағы №11 мектептің 8-сыныбында оқиды. Анасын әркез жетістіктерімен қуантып отыруға тырысады.
Гиппократ антына лайық өз міндетін мінсіз атқарып жүрген Дариға Сәкенқызына еңбегің жемісті болып, халық алғысына бөлене бер демекпіз.
Б.Баймағамбетова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz