Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығының сахнасын осындай атаумен өткен қайырымдылық концерті думанға, ерекше жылылыққа бөледі. Сауапты шараның мақсаты – қабыршақтылық 28 жасар Райымбек Рақымовқа Нұр-Сұлтан қаласында жасалатын төртінші отаға қаражат жинау. Жастайынан ауыр дертке шалдыққан жігітке дәрігерлердің қойған диагнозы – дилациялық кардиомиопатия (қарапайым тілмен айтқанда жүректің ұлғаюы).
Дертке шалдыққаннан бері Райымбекке қол ұшын созған жаны жомарт жандар жетерлік. Тіпті Орал қаласынан баспана алып берген ауылдас кәсіпкер жайында, қиындықта жалғыз қалдырмаған жұртшылыққа ток көзіне тәуелді ұлының тағдырына алаңдаған ананың алғысы газетте жарияланды.
Концерт барысында жиналған көрерменнің қарасының көптігіне разы болып, мейірім шуағына шомылған Райымбектің анасы Ұлғаным Тәжідаева толқып, сөйлей алмады, оның разылығы мен науқас ұлдың қазіргі жағдайын нағашы апасы Жаңылсын Құталиева жеткізді:
– Жанымызды шүберекке түйген күндер өтті ғой, кішкентай кезінде еш жері ауырып, дәрігерге шағымданып көрмеген бала жігіт болып ат жалын тартып мінер шағында аяқ астынан науқасқа шалдыққаны баршамызға, әсіресе анасына оңай болған жоқ. Ауылымыздың қамқор азаматтарының арқасында Нұр-Сұлтаннан жүрек соғысын реттейтін жасанды аппарат салдырып келгеннен бері Райымбегіміздің жүрегі электр қуатынан күш алады. Электр жарығы өшіп қалатындай қауіп төнсе, ауылда жанармай арқылы тоқ беретін моторы барлармен алдын ала келісіп, сөйлесіп қоятынбыз. Осының бәрін қамдап, шырылдап жүретін осы анасы. Өйтпегенде, қайтсін, Райымбектің әкесіде жастай осы дерттен көз жұмған. Төртінші отасына қаражат жинауға ықылас білдіріп, осындай қайырымдылық шарасын ұйымдастырғандарға алғысымыз шексіз. Көңілі дархан көрермен қауым, қуанышты күндеріңіз көп болсын!
Осылайша ақжарма алғыс ақтарылған кешті әншілердің сазды әуендері жалғап отырды. Терме айтылып, күй шертіліп, би шалқыды.
Шара соңында сахнаға көтерілген аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Сейткереева Райымбектің отасының сәтті өтуін, сауығуын тілеп, қиындыққа бейжай қарай алмайтын белсенді әйел-аналардың атынан қомақты қаржыны анасы Ұ.Тәжідаеваға табыстады.
Концерт соңында көрермендер арнайы қойылған жәшікке ақша салып, ақ жол тілеп жатты.
Әсет Сағындық,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz