3.02.2023, 12:00
Оқылды: 17

Мейірімді майор

Қалдығайты – Орал бағытында жолаушы тасымалдайтын Ford Transit автокөлігі Жымпитыдан өтіп, Қаратөбе бағытына бұрыла бере аялдауға мәжбүр болды. Түн ауған шақ. Аяз күшіне мінген. Қырсыққанда, көліктің багындағы дизель отыны қатып қалыпты. Қайта көрші ауданның орталығына жетіп жығылды. Айдалада тұрып қалса қайтеді?

IMG-20230201-WA0021

Әне тұтанар, міне тұтанар деп жүріп, арада 2 - 3 сағат уақыт өтті. Жолаушыларды үйлерінде жанұясы күтіп отыр. Көлігінің жайын емес, ауылдастарының амандығын ойлаған жүргізуші Нұрлан Қажығалиев жолай көлік тоқтатып, жолаушыларынан ыңғайсыз жағдаят үшін ғафу өтініп, Қаратөбеге мінгізіп жіберді.

Ал жұбайы екеуіне суық салонда таңды күтуден басқа амал қалмады.
Сол күні Сырым аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Аманжол Сапиев жұмысқа таңалагеуімде шыққан. Кеңсеге бармас алдын ауылдың айналасын бір көріп, бажайлап шығу – әдеті.

 «Қалдығайты – Орал» деген жазуы бар ақ микроавтобустың да оталмай, орта жолда тұрып қалғанын сол кезде байқайды. Барып, жүргізушілерімен жолығып, жәрдемін ұсынды. Сүйретіп, жанармай бекетіне жеткізді. Аккумулятор да әлсірепті. Бакты жылытып, кілтті бұрай қалғанда түнде үні өшкен қозғалтқышқа қалш-қалш етіп жан бітті.

- Жолда қалу деген - осы. Бірақ, Аманжол Сапиевтай жұмысына адал жігіттер бар да, уайымдамауға болады екен. Қыстың көзі қырауда, таңмен жанымыздан табылып, сүйрейтін көлік, тросс іздеп, оталғанша бірге жүрді. Тәртіп сақшыларына шен, формадан гөрі, тәрбие, мейірім жарасады. Сырым аудандық полиция бөліміне әріптестерінің кәсібилігі үшін алғыс айтамын. - дейді Нұрлан Қажығалиев біздің мейірімді майор туралы.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале