16.06.2024, 18:30
Оқылды: 51

Мейірімге ие медбике

Мейірбикелер – науқастың жанына инесімен де, ақ көңілімен де шипа сыйлайтын жандар. Мейірімі жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы емделушінің дертінен айығуына себепкер жан да осы кісілер. Әрине, халықпен жұмыс істеу қызық әрі қиын. Оған жүктелетін жауапкершілік те көп. Жауапкершілігі жоғары жұмысты абыроймен алып жүргендердің бірі – Сырым аудандық ауруханасының терапевт дәрігерінің медбикесі Жанат Кәкімғалиева.

InShot_20240616_112224546

Жанат Жұмағалиқызы Жымпиты ауылында дүниеге келді. Тұлымшағы желбіреген бүлдіршін 1985 жылдың күзінде мектеп табалдырығын аттап, 1995 жылы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті бітірді. 1995 жылы арман қуып, ақ халатты абзал боламын деп шешіп, Орал қаласындағы медициналық училищенің фельдшер мамандығына оқуға түсті. Арманындағы ақ халатты абзал жанға айналған Жанат Жұмағалиқызы 1998 жылы дипломын қолына алып, маман атанды. Алғашқы еңбек жолын 1998-2000 жылдар арасында педагогикалық лицейде медбике болып бастады. 2001 жылдан бастап 2018 жылға дейін ұзақ жылдар бойы Сырым аудандық ауруханасында перзентхана бөлімінде күндізгі бөлімнің медбикесі болып еңбек етті. Перзентханада Жанат Жұмағалиқызының аялы алақанын сезінген Жымпитының сәбилері бүгінде азамат-азаматшаға айналды. Медбике 2018 жылдан терапевт кабинетінде медбике болып еңбек етуде.

Өзінің жан қалауы, жүрек таңдауымен осы саланы меңгерген бі¬лікті маман өзінің жұмысына медбике үлкен жа¬уапкершілікпен қарайды. Қызы¬ғы мен қиыншылығы мол қызметті атқарып жүрген ақ халатты абзал жан ем іздеп келген адам¬дардың ауруынан айығып, аяғына тік тұрғанын көруді бір бақыт деп біледі.

– Осы саланы өзіміз таңдап, қа¬лап келдік. Қиындығы да, қуанышы да қатар жүретіні бар. Уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Кейде жұмыстан басқаға уақыт таппай қалатын кездер болады. Алайда, мамандыққа деген адалдық әрдайым бірінші орында. Себебі біз таңдаған жұмыстың ар жағында қаншама халықтың тағдыры, денсаулығы, өмірі тұр. Оған бей-жай қарауға болмайды. Мамандығымды мақ¬тан тұтамын. Нау¬қастардың жүзіне қан жүгіріп, тәуір болғанын көргенде құлшынысымыз артып, бірге қуанамыз. Мейірбикелер науқастың күтім процесіне толығымен жауапты, сол үшін де басты міндеті – мейірім көрсету. Емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін кәсіби психологиялық және рухани қасиетімізді іске қосамыз. Ауырып келген адамдарды шын көңілмен, мейірімді жүрекпен қарсы алуға тырысамыз,- дейді Жанат Кәкімғалиева.

Ер азаматы екеуі екі қыз тәрбиелеп келеді. Алғыр медбике жұмыста да, үйде де ауызбіршілікті, бірлікті алдыңғы орынға қояды.

Ақ халатты жандардың сенімді серігіне айналған медбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкер¬шілікті қажет етеді. Дәрігер емінің нәтиже беруі де ең алдымен медбикенің ұқыптылығына байланыс¬ты. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен кейіпкеріміз алдына келген науқастан көмегін аяған емес.

Шынар Молданиязова, 

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале