Жаңылсын Губашева – өмірін медицина саласына арнаған абзал жандардың бірі. Тіпті мұғалімдермен дәрігерлер 1990 жылдардың ауыртпалығы кезінде базар жағалап кеткенде, ол сүйікті мамандығынан қол үзген жоқ.
Ол 1957 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Орал қалалық медициналық колледжін фельдшер мамандығы бойынша тәмамдайды. Қазіргі таңда немере-жиендерінің қызығын көріп отырған әже. Отбасында жолдасы, бір ұлы, бір қызы бар.
Жаңылсын Жәдетқызының мамандығының қыр-сырын айтқан болатын.
– 40 жылға жуық ғұмырым осы салада өтті. Адамға емнен бұрын жылулық керек. Ауырып қалған науқастармен сөйлесіп, ем жүргізуде оның бәріне мән береміз. Қызметіме деген жауапкершілігім, осындағы әріптестерім өте жақсы болды. Әр ауыртпашылықты бірге еңсеріп, адам жанының арашасы болу мақсатымыз болды. Отбасымызда 7 қыз, 2 ұл тәрбиелендік. Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Отбасымызда оқу бітіріп, өз мамандығымен жұмыс жасаған тек мен едім. 1980 жылы саудагер мамандығы белең алып тұрған шақ еді. Осы мамандықты іштей ұнатып жүрген едім. Кейін бұл мамандықты оқып алсам деген ойыма ата-анам қарсы болды. Әкем сырқаттанған кезінде екпе салып жүрдім. Саған медицина саласы үйлеседі, қолыңнан келеді деп жігерлендірді. Ең алғаш акушер қызметін атқардым. 1982 жылдан бастап өмірімнің бәрін адамдарды емдеуге арнадым. Содан 2020 жылға дейін қызмет жасадым. Мен осы салаға келгенде Марат Жұмағалиев ССР-дың құрметті дәрігері болды. Осы кісінің арқасында мамандығымды терең үйредңм. Білмейтін нәрселерімді үйреткен асыл адам. Бұл ауылда 4 мың халық тұрды. Кезінде Атамекен ауылындағы аурухана 45 орындық болды. Бұл кісі атақты, әрі өте беделді дәрігер еді. Адамдар әр облыстан келіп қаралып жүрді. Ол кезде біздің ұжымда 30 шақты адам қызмет атқарды. 1988 жылдары сары аурулар көбейіп, сол ауруды да емдедік. Жаяулатып жүріп немесе трактормен жүре алмай қалған кездерді де көрдік. Өте қиын да қызықты кездеріміз көп болды, – дейді кейіпкеріміз.
Жаңылсын Жәдетқызы қазіргі таңда қолынан келген көмегін көрсетеді. – Есімде қалған естеліктерді бөлісер болсам, алғаш жұмысқа келіп жатқан кезім еді. Ол кезде мен акушермін. Су белден келеді. Әбден суға малынып бардық. 1987 жылы Жұмалы жақтан бір әйелді босандырып алған едім. Күндіз сағат екіде кетіп, екінші күні бір келдік. «К-700» тракторы өте алмайтын жағдайда болды. Қиын кез болатын. Біздің жұмысымыз негізінен қиындығы мен қызығы бірге жүретін мамандық деп ойлаймын. Осы саланы білуге барымша күшімді салып, түнімен кітаптар оқыдым. Дәрігерлер маған сене отырып, бұл саланы сен жетік білесің дегендері мені жігерлендірді. 1980 жылдары өзім босандырып алған Ләззат атты қыз қазіргі таңда қайын ағамның баласына тұрмысқа шықты. Яғни келініміз болып отыр. Бұл менің ең алғашқы босандырып алған адамым, – деді күлімсіреп Жаңылсын Жәдетқызы.
Гүлмира Серікқалиқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz