Берекелі жұмыс жасау әділ басшы мен ұйымшыл ұжымға байланысты. Сапалы әрі нәтижелі атқарылған іс жұмысқа табыс әкелері сөзсіз. Иә, бұл мақалаға арқау болғалы отырған ұжым – Қазталов аудандық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. Уақытпен санаспайтын мамандар жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруда. 67 адам жұмыс жасайтын мекеменің халық үшін жасаған игі ісі мол.
Айта кетерлігі, аса маңызды ауыз су мәселесі мекеме жұмысшыларының арқасында оңтайлы шешілуде. Аудандық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Сабыржан Ізбасаровпен тілдестік.
– Ауданға қарасты 8 округ бойынша жұмыстанамыз. Бірік, Бостандық, Тереңкөл, Қошанкөл, Қараоба, Болашақ, Қайыңды, Қазталов ауылдық округтерімен елді мекендерінде 14 365 адамды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Әр округте күзетші оператор бар. Бізге жүктелген жұмысты толығымен орындап отырмыз. Теңгерімімізде 4 трактор, 4 су таситын көлік, 1 «КамАЗ» бар. Мысалы, техника жаз уақытында су кіргізгенде жерді қазып, көму жұмыстары, ауыл ішін сыпыру және жеңіл ұлпа қарды алып тастау, қыста төтенше жағдай болып қалғанда елді мекендердің жолын ашу (қалың қар, машинаның батуы, жолдың жабық болуы, «жедел жәрдем» көліктерін өткізу) сияқты жұмыстарды атқарады. Жаз мезгілінде округтерге шөп тасуға көмектестік. Бәрі өз ісінің маманы, шеберлері десек те болады. Еңбек сол кісілердің арқасы деп ауыз толтырып айта аламын. Қай мезгіл болмасын бір кісідей жұмыс жасаймыз. Себебі бізде темірдей тәртіп, 24 сағат жұмыс уақыты. Уақытпен санаспаймыз. Боран болсын, жаңбыр болсын кез келген жағдайдың алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Жұмыс қауырт. Сондықтан тұтынушыларымызды суды ысыраптамай кәдесіне жаратуды, мақсатты пайдалануға шақырамыз. Біз үшін 2019 жыл жемісті жыл болды. Келер жылда табысты жыл боларына сенеміз, – деді. Кейіпкеріміздің сөзінен мекеме қызметкерлерінің қалыпты жұмыс жасап жатқандығын аңғардық.
Диана Бақсық
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер