21.01.2026, 17:30
Оқылды: 7

Мектеп газетінің жарық көргеніне бір жыл толды

Ақжайық ауданы орталығындағы №1 мектеп бір жылдан бері мектепішілік «Ұшқын» газеті жарық көріп келеді. Айына бір рет шығатын басылым мектеп тынысынан ақпар беріп, оқушылардың шығармашылық әлеуетін жетілдіруге ықпал етеді. Небары жыл болса да, мектеп үшін, газетті шығаруға қызмет еткен оқушылар мен ұстаздар үшін – бұл атап өтуге тұрарлық дата. Сондықтан білім ордасында мазмұнды да мағыналы шара ұйымдастырылды.

4

Шара оқушылардың әсерлі биімен ашылып, «Ұшқын» газетінің бір жылдық кезеңін қамтыған бейнероликпен басталды.  Мектепішілік басылымның жарық көруіне бастамашы болып, қолдау көрсеткен мектеп директоры Әлия Құрманғалиқызы сөз сөйлеп, газеттің оқушыларды шығармашылыққа, жауапкершілікке баулудағы рөлін ерекше атап өтіп, басылым ұжымына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ осында арнайы шақырылған меймандар: аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұханова, еңбек ардагері, ақын Сағынтай Бисенғалиев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Айдархан Мүслімұлы, аудандық кітапхана жүйесінің балалармен жұмыс жөніндегі әдіскері Тұрсынай Сейітжанова қатысып, басылымның оқушылар үшін маңыздылығын айта кетті. Мерекелік кеште оқушылар шағын концерт ұсынды. Әсіресе балғын өнерпаздардың орындауындағы музыкалық нөмірлер көпшіліктің көңілінен шықты.

Айта кетейік, осыған дейін мектепте 2013-2015 жылдар аралығында «Шырағдан» атты басылым шыққан. Содан 2024 жылы желтоқсан айында мектеп басшысы Әлия Ибраеваның бастамасымен атауы өзгертіліп, «Ұшқын» мектепішілік газеті жарық көріп, басылым жаңа тыныс алған. Бір жыл ішінде ол оқушылар мен ұстаздардың сүйікті ақпарат көзіне айналды, мектептегі маңызды шаралар, оқушы жетістіктері мен шығармашылық жұмыстарды тұрақты түрде жариялап келеді.

 

Газеттің әр саны – мұғалімдер мен оқушылардың бірлескен еңбегінің жемісі. Жас тілшілердің қаламы ұшталып, шығармашылық қабілеті шыңдалуда. Газеттің бас редакторы мектеп тәлімгері – Мейрамгүл Өтешева, ал өңдеуші редактор – бастауыш сынып мұғалімі Данияр Мусин.

Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале