13.09.2023, 22:58
Оқылды: 43

Мектеп құрылысында сылтау бітпей тұр

Казталов ауданында құрылысы мерзімінен кешіккен тағы бір нысан – Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын ауылындағы 60 орындық мектеп. 

20230911113804_IMG_7047

1 қыркүйекте саралжындық оқушылар жаңа оқу жылында жаңа мектепке қадам басу керек еді. Өкінішке орай, олай болмады. Елді мекенге кірер тұста қызыл кірпіші мен мұндалап тұрған нысанның құрылысы баяу жүргізілуде.

Қоңыр күзге аяқ бассақ та мектептің төбесі толық жабылмаған. Құрылыс материалдары да кешігіп жеткізілуде. Сыртқы абаттандыру жұмыстары да басталмаған. Ал техникалық қадағалаушы «Мұнай жолдары» ЖШС өкілі, мектеп құрылысын ұдайы бақылап отырған маман Нариман Ашимов құрылыстың баяулығына жол мен топырақ мәселесі себеп екенін алға тартты.

20230911111938_IMG_7037

- Бүгінгі таңда мектептің төбесін жабу және ішкі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстың басым бөлігін топырақтың жоқтығы тоқтатып тұр. Сонымен қатар жол мәселесі де құрылыс материалдарын жеткізуге кедергі болып отыр. Өйткені жаңбырлы күннен кейін жолдың қырылмауы жүк көліктеріне қиындық туғызады. Ал топырақ мәселесі әлі шешімін таппады. Көп жұмыс топыраққа байланысты болып отыр, - деді ол.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Радж Шәріпов пен мердігерге топырақ мәселесін шешуге тапсырма бергенімен қозғалыс жоқ. Мәселені төңіректеп «АқсайСтройСервис и К» ЖШС өкілі Айбар есімді азаматқа да қоңырау шалдық. Тұтқаны көтермеді. Ал Радж Болақайұлының сөзіне сүйенсек, жыр болған топырақ мәселесі шешіліпті-мыс.

Бұл мектептің құрылысына қатысты аудандық мәслихат депутаты Серікбол Қадемовтың да пікірін білдік.

- Құрылысты тоқтап тұр деуге де келмейді, жүріп жатырғаны да шамалы. Маусым айындағы түрімен салыстырғанда біраз қозғалыс бар. Бірақ, қарқыны өте төмен. Құрылыс басында жүрген бас бригадирдің айтуынша, барлығына себеп - құрылысқа керекті материалдардың уақытылы жеткізілмеуі. Шыны керек, құрылыс басына бара беруге де ұят. Құрылыстың сиқы мынау. Мына түрімен биыл бітетініне бесіктегі бала да сенбейді-ау. Оны аудан басшылығы да біліп отыр, бірақ қауқары жетпейді. Бар кінә – мердігердің жауапсыздығында. Мердігер тарапынан сыныққа сылтау іздеу көп болып отыр, - деді депутат.

20230911112145_IMG_7040

Саралжында мектеп құрылысын жүргізу «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасында айқын көрсетілген еді. Партия уәдесін орындағанымен, бақылау қаншалықты жүргізіліп жатырғанын білу үшін «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы Сәкен Ишановпен де сөйлестік.

- Бұл мектептің құрылысы партияның жіті бақылауында. Өйткені, біз сайлауалды бағдарламамыздағы міндеттерді арнайы бекітілген жол картасы негізінде жүзеге асырып, оның орындалуын міндетті түрде бақылауда ұстаймыз. Мектептің құрылысына қатысты аудан әкімі, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы, мердігермен де хабарласып, туындаған мәселелерді шешу жолдарын бірге талқылаудамыз. Жергілікті атқарушы орган өкілдері ұсынған ақпаратқа сүйенсек, мердігерге желтоқсан айына дейін құрылысты аяқтауға уақыт берілген. Мердігерге де құрылысты сапалы жүргізіп, белгіленген уақытта нысанды тапсыру қажет екенін, олай болмаған жағдайда партия тарапынан шара қолданылатынын ескерттік, - деді төраға.

20230911112459_IMG_7045

Құрылыс бақылауда болғанымен нәтиже жоқ. Мердігер жұмысқа жауапкершілік танытып отырмағанын анық аңғаруға болады. Өйткені тапсырыс беруші «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» тиісті қаржыны уақытылы аударып отыр. Ал мердігер болса сыныққа сылтау іздеумен әлек.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале