8.12.2021, 17:45
Оқылды: 105

Мектеп мерейтойы

Жәңгір хан мектебі. Сонау 1841 жылы қазақ даласында алғаш боп ашылып, қаймана қазақтың балаларын білімге, мәдениет пен өркениетке бастаған тұңғыш білім ордасы. Сан жылдар өтсе де уақыт абақтысынан шыға алмай, тарихи тұрғыдан өз бағасын ала алмай келе жатқан қасиетті қара шаңырақ.

264998623_2732859420193816_641437943289230008_n

Желтоқсанның 6-сында Жәңгір хан атындағы мектептің 180 жылдық мерейтойы тойланды. Шара «Жәңгір мектебі-білім бастауы» атты ғылыми-практикалық конференциямен басталды.

264939926_2732859326860492_2948448738211670828_n

Облыстық тарих-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының қызметкері Лаура Таирова тамырын тереңнен алған тарихи білім ордасы туралы тұшымды мәлімет ұсынды.

264937476_2732859113527180_2333200467922157789_n

­­−Мектеп 1841 жылы ашылды. Мектеп ашу хан болса да, Жәңгір ханға оңайға түскен жоқ. Ол  мектеп ашу ісіне 1831 жылдан кірісе бастайды. Сол жылы Орынбор генерал -губернаторы П.К.Эссенге хат жолдап, өзінің Хан Ордасында мектеп үйін салғысы келетіндігі туралы ұсынысын білдіреді. Сондай-ақ 1839 жылдан бастап Орынбор ұлықтарына жолдаған құжаттарында қазақ балаларын Қазан университетіне, Орынбордағы Неплюев кадет корпусына, жол қатынасы, орман, инженерлік училищелерге қабылдау жөніндегі мәселелерді ұдайы көтеріп отырды. Ал бұл оқу орындарына түсу үшін еуропаша оқытып, әртүрлі ғылым негіздерін үйрететін мектеп қажет еді. Сол жігерлі жұмыстардың нәтижесінде Хан Ордасында Жәңгір ханның қазақ балалары үшін өз қаражатына салдырған мектеп үйінің құрылысы бітіп, 1841 жылғы 6 желтоқсанда оның салтанатты ашылуы өтеді. Бөкей ордасында Хан Жәңгірдің өз қаражатына ашқан училищесі қазақ тарихында жаңа үлгідегі мектеп болды.  Мұнда ислам діні сабағынан басқа негізгі пәндер ретінде арифметика, география, шығыс тілдері оқытылды. Кейінірек мектепте арнайы курс ретінде шешекке қарсы егу ережелері, кітап түптеу, жер өлшеуді үйрететін бөлімдер де ашылды, ­− дейді музей маманы.

Жәңгір хан училищенің оқытушыларын өзі таңдап, мектеп шығынының бәрін өз қазынасынан төлеп отырды. Ханның таңдауымен училище меңгерушісі әрі оқытушысы болып Константин Ольдекоп, діни пәндер мен шығыс тілдерінен дәріс беруге Садреддин Әминев тағайындалып, мектепке 25 оқушы қабылданған еді. Жәңгір шәкірттерге бастауыш білім берумен шектеліп қана қоймай, оларды жоғары оқу орындарына жіберді. Бөкей хандығының қазақ балалары үшін ең беделді оқу орны Неплюев Кадет корпусынан орын бөлгізді. Жәңгір хан дүниеден өткеннен кейін де мектеп ханның өз қаражаты есебінен ұсталып, 1848 жылы ғана мемлекет қарауына алынды.  Ол ашқан білім бұлағының арнасы кеңейіп өсті. Бөкей ордасының Қалмақ, Қамыс-Самар, Нарын, Талов, Тарғын қисымдары мен І, ІІ Теңіз жағалауы аймақтарында біркластық қисымдық мектептер ашылды. 1883 жылы Қыздар училищесі, 1895-96 жылдары 14 старшын мектебі, 1899 жылы бірінші біркластық орыс мектебі, алдымен екі, кейін төрт кластық училище ашылды.  Ал, 1920 жылы осы төрт кластық қалалық училище Бөкей халық ағарту институтына, 1923 жылы ол институт педагогикалық техникумға айналдырылды. Хан Ордасында мұғалімдер даярлайтын тұрақты педагогикалық курстар жұмыс істеді. Мектептің жанынан шекті аспаптар оркестрі, хор және бай кітапхана жұмыс істеген. 1930 жылы техникум колхозшы-жұмысшылар мектебі, 1936 жылы орталау мектеп болып өзгертіледі. 1991 жылдан ол Орда орта мектебі болып, 1999 жылдың 9-желтоқсанынан бастап, Жәңгір хан атындағы орта мектеп деп аталды.

Мектеп директоры Хаким Хасанғалиев білім ұясының еңбегімен елге танылған, талантымен танымал болған әр жылдағы түлектері туралы баяндады.

Мерейтойлық шараға шақырылған ардагер ұстаздар тілектерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

Айтулы күні осы мектеп қабырғасында жемісті еңбек еткен ардагер ұстаздар да, жетістігімен жақсы аты шыққан бүгінгі мұғалімдер де марапатталды.

Шара «Самғатқан сан қыранды алтын ұя» атты концертпен жалғасты.

Өркениеттің үлгілі ордасы болған Жәңгір мектебінің мерейтойы құтты болсын! Халқының ертеңін алыстан ойлап, ел болашағы білімді жастардың қолында екенін ұққан хан Жәңгір Патшалық Ресейге сөзін өткізіп, қазақ даласындағы тұңғыш мектептің іргетасын қалады. Мектеп түлектерін Ресейдегі жоғарғы оқу орындарына жолдап, жемісті жоба болды деп бәріміз мойындап отырған бүгінгі «Болашақ» бағдарламасын екі ғасыр бұрын қолға алған екен. Мұның өзі хан Жәңгірдің сарабдал саясаткер, мықты прагматик, көрегенді көшбасшы екенін көрсетеді. Біздің бүгінгі міндет − сол Жәңгір ханның қалған сабақтастықты, жалғастықты жалғау.   Елге тұтқа болатын кемел білімді ұрпақ тәрбиелеу басты міндетіміз. Осы қызметте мектеп ұжымына толағай табыс тілеймін. Шәкірттеріңіздің бағындырар биігі көп болсын! – деп  сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев аға буын өкілдерін марапаттады. Ырысты Исламова, Рафаэль Денгизбаев, Гүлжиян Папашева, Мару Дукеева, Бағила Бияноваларға облыстық білім беру басқармасының басышы атынан алғысхат табысталды.  Мақпал Ғұбашева, Рысты Сембаева, Береген Қожағалиев, Алтын Бисалиева, Ермек Исмағұлов, Бақыт Ғазезова бастаған бірқатар аға-апаларымызға аудан әкімінің марапаты табыс етілді.

Мектептің бүгінгі ұжымының аға буыны саналатын Жасұлан Бекеев, Ақзия Ғайсина, Табиғат Арынова, Толқын Қабдрахманова, Қаншайым Ғазезова, Нысанбек Шарафетдинов, Медет Төленғалиевтер де мерекеде мерейі үстем боп, марапатқа ие болды.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нүркен Сабиров Шынғаным Ғазизова, Мархаба Сисемалиева, Кенжегүл Әдешова, Гүлжан Бисекеноваларға, мектеп директоры Хаким Хасанғалиев Әділбек Шанауов, Күлән Сабирова, Меңсұлу Ғиззатова, Жанна Әжіғалиева, Алтынай Хамидуллина, Альбина Ғазизова, Гүлнұр Елемесова, Раушан Әдешоваларға табысты еңбегі үшін алғысхат табыс етті.

Салтанатты шара мектеп ұжымының концертімен жалғасты. Конценрт шымылдығын бишілер ашты. Балғын бишілеріміз хан мектебінің ғана емес, еліміздің де алуан кезең, түрлі қоғамды бастан кешкенін биімен-ақ түсіндіріп берді.

Театрландырылған көрініс те көрермен назарына ұсынылды. Жәңгір ханның мектеп ашудағы мақсаты, алғашқы шәкірттердің қабылдануынан бастап, түлектерді Ресейдің іргелі білім ордаларына аттанып кетуіне дейін қысқа да нұсқа ғып сахналанды.

Концерттік бағдарламада өнердің сан түрлі жанры да қамтылған. Үлгілі «Сымбат» би ансамблінің мың бұралған биі де, әуезді ән де, күмбір күй де болды. Болашағынан үміт күттіретін талапты шәкірт Ділназ Сағындыққызы өз туындысын оқыса,  «Нарын» әжелер ансамблі де әдемі әндерімен шара шырайын келтірді.

Хордың да тамаша өнерін айта кету керек. Балалар хоры да, ұстаздар хоры да Рита Алмурзинаның еселі еңбегінің нәтижесі екені анық.

Бәрін айт та, бірін айт. Білім көрсеткішімен аудан бойынша көшбасшы мектептің бірі де бірегейі саналатын Жәңгір хан мектебінің ұжымы өнерден де кенде еместігін керемет концертімен тағы бір дәлелдегендей.

Жәңгір ханнан  қалған мәңгілік мұра – мектептің мерейтойы құтты, мерейі әр кез үстем болсын!

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале