Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Акция еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өтеді.
Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету; баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу; жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету болып табылады.
Тамыз айының 1-і мен 10-ы аралығында «Луч» ЖШС жетекшісі Нариман Мусеновтің және Бірлік НМ, Қ.Сәтбаев атындағы ОМ ұжымының демеушілігімен 87 мың теңгеге балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формасы таратылды. Жеке кәсіпкер Марлен Сапаргалиев, «Кемешев» ЖҚ жетекшісі Сұлтан Кемешев Бірлік НМ оқушыларына демеушілік танытты. Аталған мектептердің әкімшілігі демеушілерге көрсеткен көмектері үшін шексіз алғыс білдіреді.
Бүгінде білім бөлімі көмекке мұқтаж балалардың тізімін дайындады. Бұл – 241 баланы құрайды, бірақ тізім ата-аналардан өтініштерді қабылдау арқылы толықтырылады. «Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады және оған белсенді қатысуға мүмкіндік бар.
Айгүл Қадырбайқызы,
Тасқала аудандық білім бөлімінің басшысы