25.04.2022, 9:15
Оқылды: 97

Мектептегі әлімжеттік – бұрыннан келе жатқан «традиция»

«Орал өңірі» газетінің №42 санынан журналист Гүлжамал Жолдығалидың «Мектепте әлімжеттік әлі бар ма?» атты мақаласын оқып, өз тәжірибеммен бөліскенді жөн көрдім. 

A26F503A-95A7-4EF9-BD54-BD12C75FBD04_cx7_cy0_cw63_w1200_r1

Фото дереккөзі: azattyq.org

Жазғытұрым мезгіл еді. Түн ортасында терезені қатты қаққан әйел адамдардың даусынан оянып кеттім. Есікті ашсам, сыныбымда оқитын ер балалардың ата-аналары екен.

– Ана жақта төбелес болып жатыр, сіз білесіз бе? Сіз ұйықтап жатқанда оқушылар төбелесіп жатыр. Осыдан балама бірдеңе болса, сіз жауап бересіз, – деп дүрсе қоя берді.

Олармен сөз таластырып тұратын уақыт жоқ, киініп бірге шықтым. Бір оқушының анасы дәрігер шақыртып қойған. Бір баланың үсті көгеріп кеткен, ырсылдап әрең демалып отыр. Анасы жылап, есі шығып жүр. Менің 10-сыныбым мен 11-сыныптар арасында болған төбелесте оқушылар темір, күрек, шынжырмен әбден қаруланып шыққан. Олардың арасында «Кешке қарай сайда кездесеміз» деген өзара келісім болған. Бұл мәселенің ақ-қарасын ажырату мақсатында балалармен оңаша сөйлестім. Әрине, мұндай жағдайда оқушы қапелімде ештеңені мойындап айта алмайды. Әрі түнгі төбелестің салдарынан сабаққа келе алмағандар бар. Балалары таяқ жеген ата-аналар «Милицияға арыз береміз» деп шулап жүр. Оқушылардың көңіл күйі жоқ. Олардан бұл жағдайдың қалай болғанын сұрадым. Тек бір оқушы ғана «Мен ешқандай төбелеске бармаймын» деп
үйінен шықпаған. Ол мұғалімнің баласы еді. Қалғандары өз еркімен барған. 11-сыныптың балалары үй-үйді аралап, зорлықпен ешкімді үйлерінен алып шықпаған. Үлкен мәселе болды, әрине. Ата-аналар жиналысы өтті. Түн ортасында мені мазалаған ата-аналарға «Түнде бала ата-анасының қасында, өз үйінде болмайтын ба еді? Олар неге далада жүр?» деген сұрақ қойдым. Олар «Қорқып кеттік те сынып жетекшісіне жүгірдік» деді. Шын мәнісінде, сол ата-аналардың біреуі де мектепке келіп, баласының сабағы мен тәртібі туралы білуге қызыққан емес еді. Бұл оқиғаның соңында ата-аналар балалары үшін бір-бірінен кешірім сұрап тынды. Ақырында, бұл бұрыннан келе жатқан  «традиция» – әлімжеттік жасау деп өздерінше түйіндеді.
«Қайта балаларымыз аман-сау, қате болғанда не істер едік?» деп өздері сұрақ қойып, өздері жауап берді. Арада біраз уақыт өткен соң, ер балалармен тағы сөйлестім.
Жасырып, айтқылары келмеді. Бірақ «Апай, біз шаршап кеттік. Ылғи сұраған ақшаны береміз. Таяқ жейміз де жүреміз, одан да төбелеске шығайық деп келістік» деген жауапты естідім. Олар өз сырын ешкімге айтпауымды өтінді. Мен балалардың жанайқайын түсіндім. Міне, әлімжеттік деген – осы, ақша сұрау, бір-бірін көптің алдында төмен­дету. Жалпы, әлімжеттік жасау – баланың мінезіне кері әсерін тигізеді, сабақ үлгерімі төмендейді.

Менің ойымша, сынып жетекшісі  сыныбында не болып жатқанын, кімді қандай мәселе мазалап жүргенін, кім-кіммен дос  екенін  біліп, әрбір оқушының басқан ізінен-ақ бәрін байқап отыруы тиіс. Сондай-ақ балаға тәрбие беретін ата-анада да жауапкершілік болуы керек. Мәселен, төртінші сыныпты бітіріп келген бесінші сынып оқушыларын қалыптастыруда да әлімжеттік туралы жиі айтылуы тиіс. Ең кемі, ұясынан құлап қалған балапанды өлтіріп тастап емес немесе өлейін деп жатқан жыланды тас кесектеп емес, керісінше қамқор болу, қиянат жасамау тақырыбында тәрбие сағаттарын өткізіп, балалардың санасына адамгершілік тәрбиесін сіңіру керек деп ойлаймын.

Жақында  өзім сабақ беретін сыныптың оқушыларынан «Мектепте әлімжеттік деген бар ма?» деп сұрап көріп едім, жоғары сынып оқушылары «Апай, қазір әлімжеттік бар болса да жоқ, жоқ болса да жоқ» деп жауап берді. Ал алтыншы сыныптан жоғары оқушылар «Буллинг бар» деп балалықпен жасырмай айтты.

– Әлімжеттік деген не? – деп кері сұрадым олардан.
– Әлін көрсету, күш көрсету.
– Біреумен шығасың ба, төбелесесің бе?
– Төбелесе амасаң, «красныйсың», – дейді (енді кем­сіту сөзі болар деп түсіндім).

Сабақ беретін сыныптарымда бір-бірін кемсітіп, әлеуметтік жағдайына қарап сыйлайтын оқушылар барын жиі байқаймын. Бір-бірін кемсіткен жерде оқушылардың бір-біріне деген сый-құрметі артпайды. Меніңше,оқушыларға достық, бауырмалдық қасиеттер туралы, өмірден алынған тәлімі мол әңгімелерді жиі айта беруіміз қажет. Мектеп пен ата-ана арасында да тығыз байланыс болғаны жөн. Үйде ата-ана, мектепте сынып жетекші бала жанына үңіліп, оқушының жүріс-тұрысы, сөйлеуі мен тәртібіне мән беріп отырса, қателіктерге жол берілмес еді деп ойлаймын.

Эльмира Таженова,
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі,
Ақжайық ауданы
Есенсай ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале