Өткен аптада Қаратөбе ауданы Қаракөл мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде өңірімізге белгілі жерлес тұлғалар мен еңбек адамдарының өмір жолы, жетістіктері туралы сыр шертетін «Дара жол» бағдарламасы болып өтті. Бағдарламаның қонағы, Қаракөл орта мектебін ұзақ жылдар басқарған ардагер ұстаз, Білім және ғылым министрлігі Құрмет грамотасының, аудандық ағарту саласының «Жыл үздігі» белгісі иегері Хамидолла Нәрегеев болды.
Алдымен кездесу кешінің басында ардагер ұстаз Хамидолла Нәрегейұлының өмірі мен еңбек жолындағы табыстары туралы кеш қонақтарына таныстырылып өтті.
Жарқын жүздесуге шақырған мектеп ұжымына алғыс айтқан Хамидолла Нәрегейұлы балалық шағындағы қызықтарға тоқталып, кім болуды армандағаны жайлы әңгімелеп, ата-ана тәрбиесінің бала өміріндегі маңызына да тоқталып өтті. Одан соң өзіне білім мен тәлім берген ұстаздарының еңбегіне ерекше тоқталған ардагер ұстаз өзінің оқушылық кезеңінде тәлім алған ұлағатты ұстаздары турасында әңгімелеп берді.
Кездесуде Хамидолла ағайдың сыйлас достарының атынан Тыныштық Жаңабайұлы естеліктерімен бөліссе, үйдегі отағасы Хамидолла жайлы зайыбы Рысты Қиысқызы өмір белестеріндегі жанұялық жарасымдылықтары туралы сыр шертіп, мектеп ұжымының қолқа салуымен «Кәусарым» әнін шырқап берді.
Ағамыздың студенттік кезеңдегі достары Ыбрай Хасанұлы мен Қайырболат Садиықұлының сәлемдері, кейіпкеріміздің ұлы Нұртілектің ата-анасына тілегі, кезінде жұмыстасы болған Қарлығаш Мусағалиқызы, Нәзипа Жәкенқызы әріптестеріне арналған пікірлері бейнебаян арқылы көрермен назарына ұсынылды.
Өзіне арналған тағылымды кеште қызмет барысының қызығы мен қиыншылығы туралы сыр шерткен Хамидолла Нәрегейұлы ұстаздарға шәкірт тәрбиелеу жолында көп ізденуге, қызметіне адал болуға кеңес беріп, шәкірттерінің жетістігін көрулеріне тілектестігін білдірді.
Тағылымды бағдарлама барысында сөз сөйлеп, мамандығына берілген еңбек адамына ақжарма тілегін арнаған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, Қаракөл ауылдық округінің әкімі Эльдар Амантаев және Қаракөл мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің директоры Айгүл Теңелбайқызы сөз сөйлеп, сый-сияпат жасады.
Мектеп ұжымы мен оқушылар қатысқан кеш «Ұстазым» әнімен қорытындыланды.
Серікбай Жәлелұлы,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz