11.08.2022, 16:45
Оқылды: 51

Мектепті сақтау – ауылды сақтау

Ауыл болашағының ке­пі­лі қашанда мектеп екені белгілі. Осы орайда, Жәнібек ауданына қарасты Талов ауылындағы орта мектептің жай-күйі көпті толғандырмай қоймады.

9

Бүгінде ауыл іргесі сөгіліп, жастардың тұрақтамау салдарынан мектепте бала саны азайды. Кеше аудан басшысы екінші мәрте көпті толғандырған мәселе бойынша аталған ауылға барып, ауыл тұрғындарымен арнайы кездесті.Жиынға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина да қатысты. Кездесуде Азамат Сафималиұлы мектепке бала толтыруды осы жылдан бастау қажеттігігін айтты.Сондай-ақ, аудан әкімі басқа жақтан отбасыларды көшіріп әкелген жағдайда шаруа қожалық иелері,кәсіпкерлер материалдық көмек көрсетуге қалай қарайтындықтарын сұрады.

«Орта мектеп» дә­режесі үшін кемінде 81 оқушы болуы ке­­ректігін ескерсек, бұл білім ошағы қай­та құрылып, «негізгі мектепке» айналуы бек мүмкін. Бағида Диясқызы мектеп он біржылдық болып қалу үшін келесі оқу жылына дейін ғана мүмкіндік берілетінін айтып отыр. Келесі жылы оқушы саны көбеймесе, мектеп тоғызжылдық болады.

Ауылда өз шама-шарқынша мал шаруашылығымен айналысып, қарапайым тіршілік кешіп отырған халықтың ешқайсысы баласын қала интернатына немесе туыстарының үйіне жіберіп оқытуды, тәрбиесін басқа біреуге жүктеуді қаламайды.Сол себепті де жиынға тұрғындар көптеп келді. Олар өздерін толғандырған ауылдағы түйіткілдің шешімін табу үшін әртүрлі ұсыныстарын ортаға салып, ойларын айтуға тырысты. Мәселен, таловтық Сабырғали Молдағалиев бос тұрған үйін көшіп келген отбасыға тегін тұруға беретінін жеткізді. Ауыл тұрғындары жаңа өмір бастап, ауылға келіп тұрамын деген отбасылар болса, құшақ жая қарсы алатындарын жасырмады.

-Ауылда бүгінгі таңда демографиялық өсімге үлес қосатын жас отбасылардан көрі егде тартқандар басым.Сол себепті де ауылға жас отбасыларды тарту маңызды. Егер мектеп жабылса, ауылдастардың дені көшіп кететіні белгілі. Сондықтан ауыл мектебін сақтап қалайық. Жаңа өмір бастап, ауылға келіп тұрамын деген отбасылар болса, құшақ жая қарсы аламыз ,- деді Тілепберген Перғалиев.

10

Жиынға қатысушылар, әсіресе шаруа қожалықтарының иелері көшіп келушілерге қалыптасып алғанша асарлатып көмектесетіндерін айтты.Аудан әкімімен өткен жиналыста ауыл тұрғындары басқа да көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Талов ауылдық округінде мектепті сақтап қалу үшін оқушы санының талапқа сай болуы мақсатында бала іздеу, отбасыларды ауылға тарту күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды.

Әсемгүл Қуанғалиева,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале