Сырым ауданына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев келді.
Ғалым Сұлтанұлы Сырым аудандық жұмыспен қамту орталығының, Жымпиты ауылдық округінің әкімі аппаратының, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.
Әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан активімен кездесті. Ғ.Тұрсынбаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметке өтуде бос лауазым орнының конкурсындағы бақылаушылардың қызметі мен белсенділігін күшейту жұмыстары жасалып, облыстық департаменттің өкілі конкурстарға скайп арқылы қатысуларын қамтамасыз ету жүзеге асып жатыр. Облыста бос лауазым орнына орналасу конкурстарының хатшысы, мүшелері жауапқа тартылу фактілері кездесіп отыр. Өкінішке орай конкурстағы келеңсіз жайттың орын алуы біздің ауданда да кездескен екен. Мемлекеттік қызметкердің әлеуметтік жағдайын көтеру қоғамда әділ, адал мемлекеттік қызметкерлерді қалыптастыру үшін маңызды. Мемқызметкердің жағдайын жақсартуға арналған бағдарламалар дайындалып жатыр. Соның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасына мемқызметкердің кейбір санаттарын қатыстыру мәселесі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде қолдау тапты.
Ғалым Тұрсынбаев Е-қызмет жұмысын дамыту, ротация, мемлекеттік қызметкерге әскерге кеткен жағдайда жұмыс орны сақталатынын, тағы да басқа мәселелер туралы айтты.
Жиынды Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылап, ауданда электронды қызмет көрсетуді жандандыру керек екенін айтты. Оған қатысты ауылдық округі әкімдері мен мекеме басшыларына тапсырма берді. Аудан активіне Сырым ауданының жаңа прокуроры Нартай Елібайұлын Байменовты таныстырды.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер