Аудан әкімдігінде БҚО Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, облыстық "Орал өңірі" газетінің редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің қатысуымен жиын өтті.
Бауыржан Ғұбайдуллин әдеп кеңесінің жаңартылған концепциясымен таныстырып, кеңесте қаралған мәселелер туралы айта келіп, мемлекеттік қызметшілерді біреудің қатесінен сабақ алуға шақырды.
- Мемлекеттік қызметшілердің халықпен қарым-қатынасы, сөйлесуі, қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауы, бәрі-бәрі жұртшылықтың назарында. Мемқызметшінің қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта пайдаланса да, көпшілік ортада оғаш қылық танытса да назардан тыс қалмайды. Өткен жылы пандемияның қатаң талабын сақтамаған оралдық мемқызметші қызметінен кетті, тиісті шараны қабылдамаған тағы біреуіне сөгіс жарияланды. Тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын ең бірінші сіздер, мемқызметшілер ескерулері тиіс. Сырт көз сыншы екенін естен шығармауымыз керек. Өткен жылы кеңестің қарауына 20 іс түссе, биылғы бірінші тоқсанда 14 іс қаралды. Тағы бір ерекше ыждағаттылықты қажет ететін мәселенің бірі - мемлекеттік сатып алу. Көп әріптестеріңізді жауапқа тартылуына осы мәселе себеп болуда, - деді Бауыржан Файзоллаұлы.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Асқар Ажығалиев:
– Мемлекеттік қызметшіге халық сыншы, оның қызметін тексеретін органдар да баршылық. Мемлекеттік қызметшінің құқығын қорғау кемшін. Осы тұрғыда кәсіподақ қызметін жетілдірудің жолдары қарастырылса, – деген ұсынысын айтты.
Жиын соңы жеке қабылдаумен жалғасты.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz