Бүгінгі күні әрбір қазақстандық жанұяның басында баспана бар деп айта алмаймыз, бірақ әрбір жанұяның басында несие бар екендігі рас. Несие алған адамдардың мақсаттары әртүрлі, бірақ армандары бірдей – қарыздан құтылу.

Президенттік сайлау науқаны кезінде бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық негізінде Елбасының стратегиясын жүзеге асыру ісін жалғастыруға, соның ішінде аса өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге уәде берді. Сөзіңіз ауызыңызда дегендей, халық та ханнан ең бірінші кезекте банк қақпанынан, қарыз қыспағынан құтқаруды сұрады.
Жаңа Президент жұмысын уәдесін орындаудан бастады. Әуелі 2019 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыштық жүктемесін азайту туралы» №34 жарлығы шықты. Жарлық іс жүзінде орындалып, осы қыркүйектің басында бірқатар азаматтың банктегі қарызы толықтай жабылып, біразының қарызы едеуір азайтылды.
Банктердің «жүрегін жібіткен» Қасым-Жомарт Тоқаевтың «сиқырлы» жарлығы кімдерді жарылқайды? Осыны білу үшін Ақорданың ресми сайтын ақтардық.
www.akorda.kz сайты Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыштық жүктемесін азайту туралы» №34 жарлығына қатысты былай деп түсініктеме берді:
«Президенттің атына кепілсіз тұтыну кредиттерін төлеуге қатысты азаматтардан көптеген өтініштер келіп түсуде.
Бүгінде еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар (көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар) түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз атына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай отыр.
Көптеген азаматтардың борыш жүктемесі өсуде, таза табыс көлемі төмендеуде. Адамдар өз кредиттерін өтеудің жолын таба алмай отыр. Бұл мәселе 500 мыңға жуық адамның тұрмысына әсер етуде.»
Дұрыс айтады. Қарыз тұрмысқа, тұрмыс өмірге әсер етіп жатыр.
Сайттың мәлімдеуінше, еліміздегі кредиттердің 86 пайызынан астамының мөлшері 1 млн теңгеден аспайды. Берешектің орта мөлшері – шамамен 300 мың теңге.
Әрі қарай оқысақ:
«Мемлекет басшысы қарызға батқан азаматтарымыздың жағдайына бей-жай қарай алмайтындығын айтты.
Сондықтан, Президент бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті жарлыққа қол қойды. Жарлықта Үкімет және Ұлттық банкке біржолғы акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылған.
Жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың қатарынан (көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар авт) әрбір қарыз алушы үшін мемлекет тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 теңгеге дейін негізгі қарызын және оған есептелген сыйақыны өтейді.
Бұл ретте олардың биылғы 1 маусымға дейінгі берешегінің жалпы көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс.
Қарыз алғандардың 55 пайызы, яғни 250 мың адам үшін бұл негізгі қарызы мен сыйақыны қоса алғанда жалпы қарыз көлемін тұтастай төлеу дегенді білдіреді.
Қалған кредит алған азаматтардың қарыздары 300 мың теңге көлемінде өтеледі. Бұл олардың төлем қабілеттерін қалпына келтіруге және борыш жүктемесін азайтуға айтарлықтай септігін тигізеді.»
Міне, елдің ебіл-себіл болып жатқаны осы екен ғой. Біреуінің несиесі толықтай өтеліп, бірінің қарызы азайып жатса, қуанбағанда қайтеді олар? Мемлекет басшысы бұл «мейірімділік акциясын» бір жолғы деп атап өтіпті. Оған да шүкір. Халық бір жырғап қалуда. «Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны!» деген.
Тағы бір назар аударатын жайт, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық Банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтпек. Яғни, банктер бұрынғыдай бас-көзге қарамай кредит беруді тоқтатады. Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынатын болады.
«2019 жылдың 1 шілдедегі мәлімет бойынша банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азаматтар үшін есептелген айыппұлдар пен өсімпұлдар есептен шығарылады. Қарыз алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару, ең алдымен екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, кредит беруге оған қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан барлық кепілсіз қарыздарына байланысты тұрақсыздық айыбы, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады.
«Тұтыну кредиттеріне қатысты қалыптасып отырған жағдай қайталанбауы тиіс. Бұл – Президенттің ұстанымы.» - дейді www.akorda.kz.
Азаматтар өзінің несиесі жабылғандардың тізімінде бар немесе жоқ екендігін қалай біле алады? Бар болса, қарыздың қанша мөлшері жабылғанын қалай біле алады? Елдің осы сауалдарына жауап іздеп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, КЕ АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы, Халыққа қызмет көрсету бойынша Сырым аудандық бөліміне бардық. Біздің сұрақтарымызға бөлім бастығының орынбасары Гүлмира Бекчурина ханым жауап берді:
-Біздің бөлімге келген дерекке сүйенсек, еліміз бойынша көп балалы, мүгедек балалары бар, жалғыз асыраушысынан айырылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылары және жетім балалар санаттарына жататын 2 289 038 адам бар екен. Ескеретін жайт, несиесі жоқ, қарызы 3 млн теңгеден асатын және қарыз ісі өндірушілердің, яғни коллекторлардың қолына жолданған азаматтардың қарыздары жабылуға жатпайды. Сол топтағы азаматтарды есептен шығарғанда, республикамызда 506 941 адамның атындағы 630 633 несие қарызы өтелуге ұсынылған.
Азаматтардың өздерінің бұл тізімде бар я жоқ екендіктерін, қарыздарының қанша пайызы «кешірілгенін» білу үшін:
оған уақыты тапшы болса:
Егер азаматтар жоғарыдағы санаттарға жататын болса, бірақ есімі қарызы жабылғандардың тізімінде болмаса, өзі жайлы ақпаратты 111 нөміріне хабарласып айтуға болады. Мемлекеттік органдар оларды тексеріп, егер қарызы «кешірімге» жіберілуге мақұлданса, 3 жұмыс күнінің ішінде тізімге қосылады.
Өздерінің тізімде бар немесе жоқ екендіктерін тексеру үшін Сырым ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына 3 қыркүйектен бері 200 жуық азамат келді, – дейді бөлім бастығының орынбасары.
Әуелі Алла, кейін Президенттің «сиқырлы» жарлығының арқасында жүзіне күлкі, өміріне жеңілдік біткен жандардың арасында Сырым ауданының тұрғындары да бар.
Мысалы, Сырым ауданында бір ауылында тұратын П. деген жас отағасы үйлене сала тағдыр сынағына тап болады. Тұңғыштары дүниеге сау болмай келеді. Дәрігерлердің қойған диагнозы – Гиршпрунг ауруы, ішектерінде жүйке клеткалар жоқ сәби дүниеге келген күнінен бастап үлкен дәреті табиғи жолмен шықпай, азапқа ұшырайды. Кейіпкеріміз сәбиін емдетпек болып, аудан мен қаланың ауруханаларының табалдырығын тоздырады. Дәрі сатып алам деп, біраз аурухананың сөресін босатады. Дертке дауа болмағасын, сәбиін құшақтап Ақтөбеге барады. Одан әрі қазіргі елордасы Нұр-Сұлтан мен Алматыға барып, ауруханаларында айлап жатады. Астанада балаға 9 сағаттық ота жасалады. Бірақ, бәрі нәтижесіз. Осы сапарлар үшін П. амалсыздан несие алуға мәжбүр болды. Күні кеше ол «Қарызыңыздың 300 000 теңгесі өтелді» деген жақсы хабар алды.
Несиелері жабылып, ажарлары ашылғандар Жетікөл ауылдық округінде де бар екен. «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің осы округтегі штаттан тыс тілшісі Айман Жұбанованың хабарлауынша, Қосарал ауылының тұрғыны, ауыл мектебінде кіші қызметкер болып еңбек ететін көп балалы ана Гүлден Уәлиахметованың 500 мың теңге несиесі жабылыпты. Оның үстіне банк 40 мың теңге сыйақы берген. Аз қамтылған отбасының отаналары Әсемгүл Уәлиахметованың 450 мың теңге қарызы, Гүлайым Жұбанғалиеваның 145 мың теңге бережағы «кешірілген».
-Ауылдың көп балалы аналары сенер-сенбестерін білмей, қуануда. Мемлекет оларға қарызсыз, уайымсыз өмір сүру үшін мықты мүмкіндік берді, – дейді Айман Жұбанова.
Көпбалалы жанұяның мәселесі деп көп болатыны белгілі. Мына заманда мәселенің барлығы ақшамен шешіледі. Сондықтан, ауылдың тұрғындарын несие алғаны үшін түк те кінәлай алмаймыз.
Дұрыс, халық несие алсын, жыртығын жамасын! Той жасасын, үйін жөндесін, мал алсын, көлік алсын, төріне теледидар алсын! Бірақ, арамызда ішер асқа жарымай отырып, несиеге 200-300 мың теңгенің ұялы телефонын алатындар да бар.
Қазір кімнің де болмасын ұялы телефоны – несиеге рәсімделген. Жұрттың тұрмыстық техниканы, оның ішінде телефондарды несиеге қаншалықты жиі алатынын анықтамақ болып, «Технодом» дүкенінің интернет сауда бөлімінің телефонына хабарластық. Ресми сұрау салу уақыт алатын болғасын, тұтынушы ретінде байланыстық.
Хабарласпас бұрын, дүкеннің сайтынан халықтық сұраныстағы Apple iPhone маркалы телефондарының құны 358 900 теңгеге дейін баратынын көріп жағамызды ұстағанбыз. Қолжетімді дегенінің өзі – 100 000 теңгеден кем емес екен.
Оператор мені интернет сауда бөліміндегі Назгүл деген арумен байланыстырды. Несиеге телефон сатып алатын адам болып, әлгі арудан сөз суыртпақтадық:
Осылайша, «Технодомға» хабарласамыз деп, мойынымызға 400 мың теңгенің «айфонының» несиесін іліп алуға сәл қалдық.
Енді ойлаңызшы? Халық қарызбыз деп шағымданады. Жоғымды түгендеймін, барымды бүтіндеймін деп қарызданса бірсәрі. Бәленбай мыңға телефон сатып алып, мемлекетке «Банктегі қарызымды төле!» деп бұлдануымыз дұрыс па?
Осы жылы үкіметтің қазына салған қалтасы халық жағынан тесілді. Атаулы көмек, қарызды төлеу. Бірақ, жәрдемақы да, қарыздың өтемақысы да бір рет беріледі ғой әрі кетсе. Одан кейін де өмір бар. Баланы билік үшін бақпайық, несиені Президент үшін алмайық, ағайын! Өмір өзіміздікі ғой.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер