Ақпанның 6-сынан 7-сіне қараған түндегі боранның салдарынан Сырым ауданында жарық сөніп, ұялы байланыс айырылып, жол қозғалысы тоқтағаны туралы өткен санымызда жаздық. Табиғаттың тосын мінезі қандай әлеуметтік нысандарға зардабын тигізді? Бүгін осыған шолу жасамақпыз.
Аралтөбе ауылдық округіндегі ауыз су тарататын нысанның ауласындағы электр жинақтағыш трансформаторды шалқасынан екпінді жел етпетінен түсірді. Сырым аудандық электр торабы мекемесінің мамандары құлаған жабдықты тұрғызып, қалыпты жұмыс режиміне қайта қосты.
Ысқырған жел, ышқынған боран Аралтөбе мектебінің шатырының да бір шетін ұшырып әкетті. Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов әріптестерімен бірге округке барып, жағдаймен жеке танысты, тиісті тапсырмаларды берді.
Сырым ауданы әкімінің орынбасары, жұмыс тобының төрағасы Қайрат Төлепов бекіткен актқа сүйенсек, ауа райының күрт өзгеріп, желдің күшеюі салдарынан Аралтөбе орта мектебі ғимаратының шатырының 181 шаршы метр аумағын көтеріп, аударып тастаған. Ағаш жабын мен қаңылтыр кілемдей көтеріліп, мектеп ауласына түскен. Абырой болғанда ешкім зақым алмаған.
Табиғаттан келген зардап мектептегі білім беру процесіне әсер етпей ме? Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев мырзаға осы сұрақты қойдық:
- Шатыр акт залы орналасқан корпустың төбесінен ұшқан. Бұл корпус қосалқы құрылыс болып табылады. Сондықтан, білім беру жұмысына ешқандай кедергі жоқ. Оқушылар сабағына барып, келіп жүр.
Аталған жағдай бойынша оқиғаның жай – жапсарын тексеріп, зардап көлемін анықтау үшін жұмыс тобын құру жөнінде Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың қаулысы шықты. Осыған байланысты Сырым аудандық білім беру бөлімі ақау актісін жасап, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасына тапсырды. Болжалды есептеулер қорытындысын айтатын болсақ, мектепте 5 000 000 теңгенің материалдық шығыны келген. Смета дайын болса, құжаттарды облыстық бюджеттік комиссияға ұсынамыз, – дейді Досжан Тайшиев.
Сырым аудандық метеобекетінде тіркелген дерекке сүйенсек, білім ұясының төбесі көтерілген күні солтүстік – батыстан соққан желдің жылдамдығы 16 м/с – тан 22 м/с – қа дейін үдеген. Желдің қарқынына шыдай алмай, Аралтөбе ауылдық округіндегі 2 тұрғын үйдің төбесіндегі жабындар және сөгілген. Мамандар қос баспананың шатырынан 57 дана шифер ұшып кетті деп акт жасаған.
Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитовтың айтуынша, жел мен қардың зардабы ауылдастардың үйіне оңай тимеген. Қиықтың бір қанатын сындырып, сөгіп кеткен. Үйлердің бірінде жасы 80 – нен асқан кейуана бар екен.
Ол аздай, бораннан ұялаған қалың қарды көтере алмай Жетікөл ауылдық округіндегі бір баспананың төбесі опырылған.
Мемлекеттік нысандарды мемлекет жөндейді. Ал, табиғаттың тосын мінезінен шығынға ұшыраған жеке тұрғындарға билік тарапынан қандай көмек көрсетіледі?
- Иә, оқиғалар өзара ұқсас болғанымен, жалпы картинаға төтенше жағдай деп баға бере алмаймыз.
Комиссия мүшелері, қала берді округ әкімдері шатыры бүлінген үйлерге барып, жағдайларымен жете танысты. Қажет шығынның шамасын есептеді. Тұрғындардың табиғи зілзала, апаттардан және өрттен зардап шеккендерге төленетін бірреттік әлеуметтік көмекті алуға құқы бар, – дейді Сырым ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің бас инпекторы, аудан әкімі жанындағы төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның хатшысы Алмаз Қуанаев.
Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі табиғи апаттардан, тілсіз жаулардан зардап шеккен тұрғындар 50 айлық есептік көрсеткішке дейін әлеуметтік көмек алуға болатынын, өтініш беруге оқиға тіркелгеннен бастап үш ай уақыты бар екенін айтты.
Бұдан бөлек, ауылдастарды айналадағы ағайын – жұрты да елеусіз қалдырмай, жәрдемін береді, жыртығын жамасады деп сендік.
Біріншіден, Аралтөбе мен Жетікөлдегі үйлердің қар мен желден зардап шегуі не себепті төтенше жағдай ретінде саналмайды?
Себебі, 6 ақпан күні әкімдік чаттарында:
«№06 ҚҚ дауылды ескерту
2024 жылғы 06 ақпаннан
2024 ж. 06 ақпан 20 сағ. 2024 ж. 07 ақпан 20 сағ. аралығы
07 ақпанда түнде Батыс Қазақстан облысының шығысында қатты қар, облыстың солтүстігінде, шығысында көктайғақ күтіледі. Облыстың солтүстік-шығысында бұрқасын күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады, түнде 15-20, облыстың шығысында екпіні 23-28 м/с, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында 15-20, облыстың шығысында екпіні 23-28 м/с.
Орал қ.: 07 ақпанда түнде бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады, екпіні 15-20 м/с» мәтінімен ескерту тараған. Қауіпті метерологиялық құбылыс туралы ескерту таратылады да, зардабы не үшін төтенше жағдай ретінде бағаланбайды?!
Екіншіден, Аралтөбе мектебінің төбесінен ұшқан қаңылтыр мен құрылыс ағаштары кімдерге беріледі? Төбеден түсті демесең, бір қажетке жарайтындай дүние ғой. Біздіңше, бұл материалдар мектептің ауласына балалар үшін ойын алаңдарын, көлеңкелейтін шарбақ, сыртқы сахна жасауға жарайтындай. Талан – таражға түспесін деген тілек біздікі.
Үшіншіден, Өзен суының тасуы салдарынан Өлеңті ауылындағы үйлер суға кеткен уақта «Amanat» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы жағдайды бірге зерделеп, қаржылай жәрдем көрсетіп, халықпен бірге екендіктерін көрсеткен. Бұл жолы бас партия баспанасының шатырын боран сыпырған ауылдастарға не жәрдем берер екен?!
Бауыржан Ширмеденұлы,
Сырым аудандық мәслихат депутаты