Биыл Бәйтерек ауданына мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2 млрд 945 млн. теңге қаражат бөлінген. Бір ғана «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 1 млрд 725 млн теңге қаражат қаралып, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 58 адам, ал «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 75 адам жұмысқа орналасқан.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Бәйтерек ауданының әкімі М.Тоқжанов мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына тоқталып өтті.
- "Нұрлы жол" бағдарламасы арқылы бөлінген қаражат Трекин, Январцев, Погадаев, Железнов, Переметный-Белес, Чиров, Макаров, Чувашин, Октябрькое ауылдарының жолдарын орташа және күрделі жөндеуге бағытталды. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде – 1 млрд 250 млн теңге бөлініп, ол қаражатқа Дариян ауылындағы қос қабатты 12 пәтерлі 2 тұрғын үй құрылысы, Янайкин ауылында су құбыры нысанының құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ Январцев, Рубежин, Дариян ауылдарында су құбыры тартылуда. Янайкин ауылында 120 орындық Батурин мектебіне екі қабатты қосымша құрылыс салынуда. Тамыз айында Жамбыл ауылында 40 балаға арналған шағын орталығы бар 308 орындық мектептің, Щапов ауылында 420 орындық мектептің құрылысы басталды. Сонымен қатар Махамбет, Егіндібұлақ ауылдарының клубтары жөнделуде, - деді Марат Лұқпанұлы.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz