15.07.2025, 9:00
Оқылды: 335

Мемлекеттік бағдарламалар ауылдағы кәсіпке серпін беруде

Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Жаңажол ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, мал азығын дайындау жұмыстарын бақылап, мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін бастаған азаматтармен кездесті. Округ әкімі Арман Алдабергенов аудан әкіміне округте атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

FB_IMG_1752488960076

Ауданда мал азығын дайындау жұмыстары мамыр айынан бастап жүруде. Бірі өз иелігіндегі жерді шапса, енді бірі өзге елді мекеннен шөп тасымалын ұйымдастыруда. Мәлік Ихсатов, Абат Сәрсенов сынды шаруалар биыл мал азығын дайындау  былтырғыға қарағанда қиын екенін жеткізді.

FB_IMG_1752488970830

— Өздеріңіз білесіздер, жаз маусымында басты мәселе — қысқа мал азығын дайындау. Алайда қуаңшылық, киіктің көбеюуі мен жерді таптауы шөптің шығымын тежеп отыр. Өзіміздің жердегі азын-аулақ шөпті шаптық. Жетпегенін қайдан аламыз деген мәселе де жоқ емес. Алдағы уақытта жерімді қоршап, екпе шөп егуді де қолға алуды жоспарлап отырмын. Жалпы мемлекеттің қолдау шараларының игілін көріп келеміз. Лизингке техникалар алып, малды асылдандыру бағытында жұмыстанудамыз,  — деді «Азамат» шаруа қожалығының жетекшісі Мәлік Ихсатов.

FB_IMG_1752488962443

Аудан әкімі бұл мәселенің маңыздылығын айта келе, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

— Мал азығының тапшылығы және киіктің көбеюі мәселесі облыс және республикалық деңгейде көтеріліп, салалық министрліктерге ресми хаттар жолданды. Сонымен қатар шөп қоры жеткілікті аудандармен де келіссөздер жүргізілуде. Бұл мәселе жыл сайын қайталанатыны белгілі. Сондықтан екпелі шөп егу ісін жүйелі түрде қолға алған жөн және де қоршау жұмыстарын ұйымдастыру керек, — деді аудан әкімі Асланбек Сарқұлов.

Сапар барысында аудан басшысы мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып отырған азаматтардың жұмысымен де танысты. Атап айтқанда, қайтарымсыз грант арқылы кәсібін бастаған Мержан Өтеғалиевтің пластикалық терезе шығаратын шағын цехына және көпбалалы ана Айгүл Ерешованың жылыжайына барды. Мержан Өтеғалиев 2024 жылы мемлекеттік грант иегері атанып, кәсібін бастаса, 2025 жылы жұбайы Индира «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5% үстемемен 6,2 млн теңге көлемінде несие рәсімдеп, өндірісті кеңейтті. Шағын цехта өткен жылы 170 терезе шығарылса, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 120 терезе өндірілген. Ал Айгүл Ерешова жылыжайда өсірілген көкөністен алғашқы өнімдерін алып, мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін ерекше атап өтті.

FB_IMG_1752488956147

Аудан әкімі округ орталығындағы «Ысқақ ата» саябағын қоршау жұмыстарын және жаяу жүргінші жолдарының сапасын бақылады. Сонымен қатар Таңат елді мекенінде ауыл тұрғындарының бастамасымен саябақ салу, Көмекші елді мекенінде техникалық су жүргізу және жаңа тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

— «Қаладан-ауылға» бағдарламасы бойынша Көмекші елді мекенінде тұрғын үйдің қабырғасы  қаланды, Әбіште бүгін іргетасы қалануда. Сондай-ақ Көмекшіде техникалық су өткізу қолға алынды. Жалпы округ орталығы мен елді мекендерде бау-бақша егу үрдісі қалыптасты. Ал мал азығын дайындау жұмыстары бойынша қожалықтармен байланыста болып, алдымен округ тұрғындарына шөп жеткізуді мақсат етіп отырмыз, — деді округ әкімі Арман Болатұлы.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале