Мемлекеттік қызметшілер күніне орай аудан орталығында осындай атаумен мерекелік іс-шара өтті.

– Мемлекеттік қызмет – білім мен біліктің, парасат пен пайымның, сабыр мен сара шешімнің сыналар алаңы. Бұл жолды жүрекпен сезінетін, елге адалдықпен қызмет етуді мұрат еткен азаматтар ғана таңдайды. Қазақ тарихында әділ би мен хандар елге қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болды. Бүгінгі мемлекеттік қызметкер де сол асыл жолдың жалғастырушысы болуы тиіс. ҚР Президентінің бастамасымен шекаралық аймақтарды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналғаны белгілі. Осы ретте Алаш арыстарының, оның ішінде Әлімхан Ермековтің 1920 жылғы тарихи еңбегін ерекше атап өтуге болады. Оның Қазақ автономиясының аумағын ғылыми негізде дәлелдеп бергені – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі,-деп іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев бірқатар мемқызметшілерге кәсіби еңбегі мен белсенділігі үшін түрлі марапат ұсынды. Мәселен, Егіндібұлақ пен Атамекен ауылдық округі әкімдерінің бас мамандары Наталья Калманова мен Ақсұлу Иманқұлова “Қызмет” мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының “Белсенді қызметі үшін” төсбелгісін алды. Облыс әкімінің Алғыс хаты Сұлукөл ауылдық округі мен аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлеріне берілсе, аудан әкімінің Алғыс хатына аудандық бөлімдерде және ауылдық округтерде қызмет атқарып жүрген мамандар ие болды. ҚР Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің Алғыс хатымен аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев пен Махамбет ауылдық округінің бас маманы Асыл Хиясова марапатталды.

Іс-шара барысында «Ауыл тынысы» газеті редакциясымен тығыз байланыс орнатып, жазылым науқандарында ерекше белсенділік танытатын Көшім ауылдық әкімі аппаратына 50 000 теңгелік сертификат пен естелік сыйлық табыстады. Бұл құжат ақылы қызмет, хабарландыруларды осы сома көлемінде аудандық басылым бетіне тегін жариялауға мүмкіндік береді.

Содан соң мемлекеттік қызметке жаңа тағайындалған мамандар ант қабылдады.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жергілікті өнерпаздар көрерменге мерекелік көңіл күй тарту етті.
Саида Жайық,
Бәйтерек ауданы