Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын адал атқаратын тұлға – мемлекеттік қызметкер. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2003 жылы әр жылдың 23 маусымын мемлекеттік қызметшілер күні деп атап өту жөнінде ұйғарым жасаған болатын.
Қарқынды даму даңғылына түскен Жаңақала ауданында осы салада адал қызмет етіп жүрген мамандар жетерлік. Солардың бірі ретінде бүгінде Жаңақала ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарып отырған Абат Ишанов жайында қалам тербемекпіз. Абат Темірұлы 1982 жылы ауданымызға қарасты Жаңақазан ауылында дүние есігін ашқан. Кейіпкеріміз бала кезінде ғарышкер болуды армандаған. Ол 2000 жылы мектеп бітіріп, сол жылы Батыс Қазақстан инженерлік технологиялық колледжге оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын 2003 жылы тәмамдаған. 2004 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің сырттай бөліміне Мұнай Газ факультетіне оқуға қабылданып, 2007 жылы тәмамдаған. Әр түрлі салада қызмет атқарған кейіпкеріміз Ал мемлекеттік қызметке 2008 жылы келген. 2008-2010 жылдары Жаңақазан ауылдық әкімшілігінде жетекші маман, 2010-2020 жылдары аудан әкімі аппаратында комьютер маманы, бөлім басшысы, 2020 жылдан Жаңақала ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Тиянақтылық пен ұқыптылықты қатар арқалап, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін мемлекеттік маманның болашағына деген сенімі мол. Міндетін мүлтіксіз орындап жүрген кейіпкеріміз алдағы уақытта әлі талай асуларды бағындыратыны сөзсіз.
- Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Сондықтан қашан да жүгі ауыр билік мінберінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан да жадында болуы керек деп есептеймін. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады. Мемлекеттік қызмет – бұл мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруда жетекші рөл атқаратын бүкіл мемлекеттік жүйенің маңызды элементтерінің бірі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тиімді мемлекеттік билік қана халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын көтеруге, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге қабілетті, - дейді кейіпкеріміз.
Өз еліңе қызмет ету - түсіне білгенге зор бақыт, мерейлі мәртебе. Мемлекет жоғары мамандандырылған, ұйымдасқан, құқықтық және нәтижелі басқармасы болған жағдайда ғана табысты болып гүлденеді.
Райхан Амантайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz