8.03.2025, 17:14
Оқылды: 58

Мемлекеттік қызмет саласындағы зейнеткерлерді құттықтады

Бүгін Казталов ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан зейнеткерлерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

photo-output

Аппарат басшысы бүгінгі мерекеде 1999-2010 жылдары Тереңкөл ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы қызметін атқарған Роза Садыққызы, 1994-2005 жылдары Бірік ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, 2005-2017 жылдары Бірік ауылдық округінің бас маманы қызметін атқарған Райса Садыққызы, 2000-2020 жылдары Казталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы қызметін атқарған Алия Төлемісқызының шаңырағында болды.

— Бұл күн — сәбиі үшін төрт ұйқысын төрт бөлген аналарымыздың, сымбатты да сұлу әпке-қарындастарымыздың мерекесі. Шуақты көктемнің айшықты мерекесінің маңызын да, мәнін де арттырып тұрған әйелдер қауымы. Мемлекетіміздің дамуына да әйелдер қауымының қосқан үлесі зор. Мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек еткен жандар да адал еңбекпен халыққа қызмет етіп, қайсарлық пен табандылықтың, батылдық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Саналы ғұмырларында мемлекеттік қызметтің өркендеуіне үлес қосып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы адал қызметтері үшін алғысымды білдіремін!, — деді аппарат басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында елге еңбегі сіңген мемлекеттік қызмет саласындағы ардагерлерді құттықтаған аппарат басшысы мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтар, ауданымызда мемлекеттік қызметті жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

Асылбек Байғазиев
Казалов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале