28.12.2022, 11:30
Оқылды: 54

Мемлекеттік саясат пен халық игілігі үндескенде...

Биылғы 2022 жыл еліміз үшін оңай басталмады. Жыл басында орын алған оқиға әркімге ой салғаны сөзсіз. Бұл оқиғадан кейін Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қордаланған мәселелерді тиімді шешу үшін айқын мақсаттарды тізіп, тиісті тапсырмаларды белгіледі. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында «Өкілді билік тармағын қайта құру» бастамасында депутаттардың жұмысын жандандыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Әсіресе мәслихаттың рөлін күшейтуге басымдық берді.

фото Шынар Сайл

Сырым аудандық мәслихаты ел Президентінің жаңа саясатын қолдайды, соның ішінде биліктің халыққа қызмет еткенін қалайды. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жұмыстарына халық өкілдерін тарту мақсатында 2022 жылдың басында аудандық Қоғамдық кеңестің жаңа құрамын қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Кеңес отырыстарында аудан әкімінің, мәслихат хатшысының, аудандық Қоғамдық кеңестің өткен 2021 жылы атқарған жұмыстары, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау салаларының жай-күйі, эпизоотикалық жағдай және мал дәрігерлік іс-шараларды өткізу жағдайлары, аудандағы қоғамдық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті нығайту, аудандағы мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде әкімшілік кедергілерді болдырмау сияқты мәселелер қаралды.

Ағымдағы жылдың 12 айында барлығы 15 сессия өтіп, өңір дамуында өз салмағы бар - «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ауданда орындалғаны туралы», «2021 жылға арналған аудандық, ауылдық округтардың бюджеттерінің игерілуі», «Ауыл - ел бесігі»  бағдарламасының орындалуы туралы», «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жәйі туралы аудан әкімінің есебі»,«Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің құрылымдық бөлімшелерінің жұмыстары туралы» т.б мәселелер тыңдалып, қаралды. Желтоқсан айында келесі 2023 жылдың аудандық бюджеті бекітілді.

2022 жылдың наурыз айында тұрақты комиссияларды аудан әкімінің келісімімен ауылдық округтарда ай сайын көшпелі түрде өткізу жоспарланды. Бұрын көшпелі отырыстар жартыжылда 1 рет ұйымдастырылып келген болатын. Көшпелі комиссия отырысының күн тәртібінде жоспарлы мәселемен бірге жергілікті ауылдық округ әкімінің есебі тыңдалады. Сонымен бірге, бұл күні мәслихат депутаттары ауылдық округтағы әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысып, кейін  аудандық сала басшылары мен аудандық мәслихат депутаттары жергілікті тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Аудандық мәслихат хатшысының есебі мәслихат мінбері арқылы ел назарына ұсынуда. Есепті мерзім ішінде аудандық тұрақты комиссиялардың 18 отырысы, соның ішінде Бұлдырты, Алғабас, Қособа, Жетікөл, Жосалы, Аралтөбе ауылдарындағы көшпелі отырыстар өтті.

Сырым аудандық мәслихатының 11 депутатының 9 депутаты «AMANAT» партиясынан. Олар партияның депутаттық фракциясына біріккен. Фракция аудан көлеміндегі мемлекеттік бағдарламалар бойынша құрылысы, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардың жұмысымен танысып, жұмыстың сапалы, уақытылы аяқталуына бақылау жасап келеді.«Жол картасы» аясында Бұлан, Жамбыл, Қособа, Жырақұдық, Алғабас, Қарағанды ауылдарына жүргізіліп жатқан таза ауыз су құрылысы, Көздіғара елдімекенінде салынған спорт алаңы құрылысымен бірнеше мәрте бақылау жасалды, электр трансформаторларының қауіпсіздігіне сараптама-бақылау жасалды, Бұлдырты ауылындағы дене шынықтыру-спорт кешенінің құрылысы жұмысымен танысты.

Бұның сыртында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған мониторинг топ мүшелері ретінде бірнеше рет азық-түлік дүкендерін аралады. Азық-түлік бағаларына, сапасына, қамтамасыз етілуі бойынша мониторинг жасады. Дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағасына, аудан орталығындағы 5 жанар-жағармай бекеттеріндегі бағаларын салыстырып, сараптама жасады.

Қаңтар айында Өлеңті ауылының тұрғындарымен кездесу өтті. Онда тұрғындарға жол, көше жарық шамдары, тазалық, тәртіп мәселелері мен әлеуметтік көмек алу жолдары түсіндірілді. Ақпан, наурыз айында «Сырым» такси жүргізушілермен кездестік. Машина жабдықтарының қымбаттауы, жол сапасының төмендігі, такси бағасы аясында сын-пікірлер айтылды. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті орындарға ұсыныс хаттар жолданды.

Аудандық мәслихат депутаттары бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдауларда азаматтарды жеке мәселелермен қабылдап келеді. 2022 жылдың 11 айында депутаттар 92 жеке қабылдаулар өткізіп, 95 азаматты жеке мәселелермен қабылдады.

Мәслихат хатшысы ретінде менің жеке қабылдауыма келген азаматтар негізінен тұрақты жұмыс, несие алу, жәрдемақы алу, тұрғын үй мәселелері секілді маңызды өтініштерімен келеді. Барлық қабылданушыларға өтініштеріне байланысты қолданыстағы заңнамалар аясында толықтай түсініктер берілді. Қабылданушыларға дұрыс түсінік, бағыт-бағдар беру нәтижесінде бірнеше азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасу, тиісті жәрдемақы алу секілді бірқатар мәселелері оң шешімін тауып жатыр. Бір зейнеткердің газ өткізу жөніндегі өтініші қанағаттандырылып, бір азаматтың облыстық емханадан ем алуына ықпал етілді.

Сонымен бірге, тиісті орындарға туындаған мәселелерді шешу жөніндегі депутаттық сауалдар жолданып келеді. Сауалдарда заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын такси жүргізушілер туралы, такси тұрағын айқындау, жолақыны төмендету, Қосарал ауылына су тұщыту қондырғысын орнату, «Достық» лагеріне күрделі жөндеу қажеттілігі туралы, Жырақұдық, Қособа мектептерінің бу қазандықтары істен шыққаны туралы, Көгеріс негізгі мектебіне спорт зал, акт залы, кітапханалар үшін қосымша ғимарат сатып алу туралы, жаңадан салынған музей ғимаратының музей экспозициясын жасау үшін қаржы бөлу қажеттілігі туралы мәселелер көтерілді.

Сондай-ақ, ақпан айының ортасында облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәдени-даму және білім мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысына ZOOM форматында онлайн қатыстым. Күн тәртібінде БҚО денсаулық сақтау басқармасының және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ БҚО бойынша филиалының 2021 жылы атқарылған жұмыстары бойынша есептерін тыңдау және 2022 жылға қойылған мақсаттар туралы мәселелер қаралды. Өз тарапымнан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Г.Абдрахмановаға бірнеше ұсыныстарымды: жаңа жедел жәрдем көліктерінің қажеттілігі, Жымпиты – Орал - Жымпиты трасса бойына тірек (опорный) пункт салу,  аудандық орталық ауруханаға УЗИ аппаратын сатып алу, орталық ауруханаға жөндеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде жеделсаты (лифт) керектігін жеткіздім.

Қарияларды қадірлеу – адами міндетіміз. «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында 8, 22 Наурыз, 9 мамыр мейрамдарында бірнеше еңбек және тыл ардагерлерін, көпбалалы аналарды құттықтадым. Наурыз мерекесіне орай аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыруымен аппараттың ардагер қызметкерлерін ұжым болып құттықтап, сый-құрмет көрсеттік. «Мектепке жол» жобасы аясында да аз қамтылған отбасындағыбалалардың мектепке толық дайындықпен баруына көмек берілді.

Өткен 2021 жылы тиісті заңнамаларда  аудандық мәслихат депутаттарының біліктілігін арттырудан өту өзгерісі енгізілді. Бұл бағытта осы жылдың мамыр айында депутаттар «Мәслихаттардың рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» тақырыбындағы курстан өтті.

Депутат болу – ел қамы үшін атқарылатын жауапкершілігі зор жұмыс. Басты міндет – халықтың мұң-мұқтажын билік органдарына жеткізіп, оң шешімін табуына ықпал ету. Аудандық мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдарымен аудан көлемінде туындаған мәселелерді бірлесе шешуге қызмет атқара беретін беретін болады.

Шынар Дүйсенғалиева,

аудандық мәслихат хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале