2.12.2021, 16:50
Оқылды: 83

«Мемлекеттік шекара» кітабының тұсауы кесілді

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Мемлекеттік шекара» кітабының тұсаукесер рәсіміне арналған салтанатты жиын өтті.

26

Шара фойеде жасақталған кітап көрмесінен басталды. Әрмен қарай шараға жиналған жұртшылық LED-экран арқылы ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-майор Кәрім Мәсімовтың бейнежолдауын тамашалады.

Сонан соң «Мемлекеттік шекара» кітабының лентасы қиылып, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов сөз сөйледі.

-Тәуелсіздіктің арқасында қазақ елі ғасырлар бойы ата-бабамыз арман еткен ұлан-байтақ жеріміздің шекарасын бекемдеп, мызғымастай беріктігі мен аумақтық тұтастығын дәлелдеді. Бүгінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің бастамасымен «Мемлекеттік шекара» кітабы жарық көріп отыр. Шекара қызметінің  құрылғанына 30 жыл толуына орай жазылған кітаптың шекара  шебінде орналасқан шалғай ауданның тұрғындары ретінде әрқайсымыз үшін маңызы ерекше. Кітапта еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік шекарамызды қорғау кезіндегі ел шекарашыларының шекара күзетіндегі сіңірген еңбектері анық көрсетілген. Қиындығы көп шекара саласына өмірлерін арнаған шекарашы қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен адалдығы, батылдық пен табандылыққа толы қажырлы қызметі ерекше атап өтуге тұрарлық. Кітаптың алғашқы беттерінде «Туған жердің шекара шебінде жүру – әркімге бұйырмайтын бақ» деп жазылған. Расымен, шекара сарбазы болу әркімнің қолынан келе бермейтін абыройлы іс. Сондықтан жалындаған жастық дәуренін шекара шебіндегі қызметке арнаған әрбір азамат біздің мақтанышымыз. Мерейлі мереке қарсаңында сіздердің қиын да абыройлы, жауапкершілігі мол  істеріңізге шынайы алғысымды білдіре отырып, еңбектеріңізге табыс, мықты денсаулық, қажымас қайрат тілеймін. Ел іргесі бүтін, шекара шебі тыныш болсын, - деді Ж.Каримоллаұлы.

Шарада Ж.Абдолов шекара шебін күзеткен ардагерлерге Алмат Молдағалиев, Бақытжан Қалижақов және Нұрлан Қадешовке аудан әкімі Азамат Сафималиевтің алғысхатын табыс етті.

27

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Жәнібек аудандық бөлімінің бастығы, подполковник Асылхан Оразғалиев пен аудан бойынша шекара басқармасы бастығының м.у.а. подполковник Қуанышбек Нүсіп сөз сөйлеп, мерекемен құттықтады.

Шара барысында әскери қызметшілердің, яғни ержүрек ұл мен қыз тәрбиелегені үшін А.Ниғматуллиннің әкесі Т.Ниғматоллаұлына, Б.Нұрышевтің әкесі Қ.Зинекешұлына, Т.Қадыровтың анасы Э.Шанжарқызына, А.Қаташевтің әкесі Қ.Ғабдұлманұлына ҚР ҰҚК Шекара қызметінің БҚО бойынша департамент бастығының алғысхаты табысталды.  Сондай-ақ, Тәжік-Ауған шекара шебін күзеткен ардагерлер Қисмат Бексейітов, Ақболат Хамитов, Айбек Қисметовке Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының алғысхаты берілді.

28

Салтанатты шара соңында Жәнібек ауданы көркемөнерпаздарының орындауында әннен шашу шашылды.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале