Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш. Қай уақытта да мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі екенін де ескерген жөн. Тіл мерекесінің 5 қыркүйек күні өткізілуі Ұлт ұстазы атанған А.Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты.
Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай бүгін Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» атты танымдық шара өтті.
Шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Бекежан Шарафутдинов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының мүшелері, аудандық полиция бөлімі, аудан өнерпаздары мен кітапхана ұжымы қатысты.
Танымдық басқосуда сөз алған Бекежан Биболатұлы тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі мәртебелі де тұрақты болып, өрістеп дамуына үлес қосу – жас жеткіншектердің жауапкершілігінде болатын міндет екендігіне тоқталып, мерейлі мерекемен құттықтады.
Шарада қазақ тілі туралы отты жырлар мен рухты әндер шырқалды. Әзірбайжан қызы Тамара Кафарова «Анамның тілі», Алма Жанай «Елге сәлем» әнін шырқаса, аудандық модельді кітапхана оқырмандары «Үш бақытым, «Қазақ тілі», «Туған тілім» атты ақын жазушылардың тіл туралы жыр шумақтарын арнап көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Шараны «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев қорытындылап, тілге деген құрмет арта берсін деген тілегін білдірді.
Бану Самат
Жәнібек ауданы