Жәнібек ауданының ғасырлық торқалы тойы қарсаңында "Әнімді саған арнадым - Жәнібек" атты облыстық ән байқауына Орал қаласы мен аудандардан ат терлетіп келген қонақтар алдымен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ даласында тұңғыш симфониялық ірі шығарма жазған ұлттық композитор Қапан Мусиннің туғанына 100 жыл және ауданның 100 жылдық мерейтойы аясында Жәнібек ауылындағы балалар саз мектебінің қабырғасына композитордың құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысты.
Мемориалдық тақтаны ашу құрметі аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов пен Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, сазгер, Мәдениет саласының үздігі Жаскелең Ғайсағалиевке берілді. Тақтаның бетіне жабылған ақ мата төмен сырғығанда, ар жағынан қою қара шашты, кең маңдайлы Қапан Әубәкірұлының жарқын бейнесі жарқ етті. Тақтаға "Мусин Қапан Әубәкірұлы, 01.01.1921 - 21.04.1970, Ұлы Отан соғысының ардагері, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ музыкасына алғаш симфония жанрын енгізген адам" деген сөздер жазылыпты.
Айта кетейік, Қапан Мусин Жәнібек ауданының Ақоба ауылында дүниеге келген. 1939-1941 жылдары Мәскеу консерваториясының қазақ студиясында дәріс алған. 1943-1953 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері. 1953-1960 жылдары Алматы консеваториясында ұстаздық қызмет атқарған. 1961-1969 жылдар аралығында аталған консерватория жанындағы фольклор кабинетінің меңгерушісі. Ол халық аспаптар оркестріне поэмалар, симфониялық оркестрге арналған үш симфония және атақты "Жайлауда" атты симфониялық поэмасын, "Халық бақыты үшін", "Мереке" поэмаларын жазды. Қапан Әубәкірұлы - қазақ музыка мәдениетінің ірі өкілдерінің бірі. Ол Алматы қаласында өмірден озды.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлы қонақтар мен жиналған қауымды тарихи тағылымды сәтпен құттықтап сөз сөйледі.
А. Есіркепов,
Жәнібек ауданы,
zhaikpress.kz