Жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту жаңа жұмыс орындарын құру және жұмыссыздық деңгейін қысқарту, білікті мамандарды даярлау сияқты әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуде басты рөл ойнайды. Кәсіпкерлік ортада жастар ең маңызды буын болып табылады. Жастар кәсіпкерлігі, оның даму қарқыны бірер жыл өткен соң еліміздің бет-бейнесін анықтайтын нақты көрсеткіштердің бірі. Ертеңгі елдің экономикалық өсуі мен даму екпіні бүгінгі жастар бизнесінің дамуына тәуелді.
Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасының ұйымдастыруымен жуырда өткен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасындағы Республикалық «Мен – кәсіпкермін» онлайн Гранд турнирінің облыстық кезеңіне 70-тен астам өтініш келіп түскен.
Бұл жоба Батыс Қазақстан облысы колледж студенттерінің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау жане дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Өңіріміздегі отыздан астам кәсіптік білім беретін оқу орындарының білім алушы жастары startup, бизнес-идеяларын, жобаларын ұсынып қана қоймай, оларды жүзеге асыруға да мүмкіндік алады. Биылгы Турнир Іскерлік экономикалық ойын Дебатпен ерекшеленді. Әлеуметтік кәсіпкерлік, сауда, қызмет көрсету, өндіріс, технологиялық кәсіпкерлік (инновациялық жоғары технологиялық идея), байланыс және ақпарат, білім беру, шоу – бизнес және мәдениет, туризм, экология бағыттарын қамтыған Турнир бағдарламасы әр қатысушы команданың жан- жақты дайындығын, ерекше ойлау қабілеттілігін қажет еткені сөзсіз.
Бөрлі колледжінің экономикалық пәндер оқытушысы Алтын Нұрғалиева және І курс студенттері Азиза Жарлығас, Нарғыз Ақбөкенова «Рахмет» қонақүйінің жобасын ұсынды. Әлеуметтік маңызы ауқымды бұл нысанның пайдасы мен тәуекел тұстарын жеткізге білген студенттер өз білімдерін жақсы деңгейде көрсете білді. Қазылар алқасының құрамындағы БҚО «Мансап орталығының» мамандары жастардың игі бастамаларына жоғары баға берді. Бөрліліктер «Үздік әлеуметтік нысан» аталымы бойынша диплом иегері атанды.
Айжарық Нұр
Бөрлі ауданы