Облыстық экопатруль байқауы туралы ұстаздарым Қаракөзайым Ахмеджанқызы және Ұлдана Батырғалиқызынан естідім. Қызығушылығым оянып, осы байқауға қатысамын деп бел будым. Мақсат – айқын, нәтиже – бұлыңғыр. «Шешінген судан тайынбас» дегендей «Жалтыркөл қайдасың?» деп тартып кеттік. Әкем біздерді өз көлігімен апарды. Келдік, қиялымызда елестеткен Жалтыркөлді көріп, жағамызды ұстадық.
«Жалтыркөлдің табаны тілімденген жүрек секілді», - дейді Ұлдана апайым. Жалтыркөлді смартфоныма таңбалап алдым. Шыныменде қазіргі көрінісі адам шошырлық екен. Су жоқ. Су қайда? Су тіршіліктің – қайнар көзі. Сусыз адам да, төрт-түлік мал да, аң мен құс та өмір сүріп жарытпайтыны айдан анық. Су болмағасын балық та жоқ. Жүгірген аң, ұшқан құс құрыған қорықша болып қалыпты. Мемлекеттік маңызы бар қорықшаның айналасынан маңдайшасын байқай алмадық. Барған адам ешқандай ақпарат таба алмайды. Кезінде «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» республикалық мәні зор зоологиялық қорықшаның жай-күйі жыламсыраған періштенің күйін кешіп тұр десем артық айтқандық болмас. Аумағы 19 мың гектарды алатын қорықшаның айналасында тек қана ауыл тұрғындарының малдары жайылады. Басқалай кәдеге жарамайтындай дәрежеде. Заманында М.Шолоховтың небір әдеби шығармаларын дүниеге әкелуге себепші болған Жалтыркөл тура мағынасында айтқанда жалтырап қалыпты. «Ұялған тек тұрмас» дегендей Жалтыркөлдің жанайқайын жазып, экологиялық конкурсқа үлкен үмітпен жолдап отырмын. Президентіміз Қ.Тоқаевтің өзі экологияға ерекше мән беріп, министрге бірқатар тапсырмалар бергенін жаңалықтардан көрдік. «Егер мен экология министрі болсам...» деген сөйлеммен небір нәрселерді айтуға болар еді. Бір-екеуін жаза кетейін. Егер мен қолымда билігі бар, айтулы тұлға болсам Жалтыркөл қорықшасын тез арада қолға алып, су жіберіп, тіршілікті жандандырар едім. Су келсе балық болады. Балық болса, халыққа несібе де болатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Барлығы қалпына келсе жеке кәсіпкерге мемлекет жалға беріп, адам демалатын орынға да айналдыруға болар еді... Мысалға алатын болсақ, Ақжайық ауданына қарасты, жол бойында «Саят» туризм демалыс орталығы бар. Соны неге өзіміздің ауданда қолға алмасқа? Не кедергі? Бұрынғы Ю.Гагарин мектебінің ғимаратында туризм орталығы жұмыс істеп тұр. Жалтыркөлдің жағасында аудандық туризм орталығына қарайтын шағын ғимарат салып, қыс мезгілінде адамдар шаңғы тебетін орын дайындаса нұр үстіне нұр болады ғой. Жалтыркөлдің жағдайын ойлаған жүрегім жиі соғып, бір сәтке көзімді жұмып, Жалтыркөлдің жағасын ойша елестеттім...
Қиялымдағы Жалтыркөл қорықшасы – Жұбан атамыз қайта тіріліп келсе, ұялмайтындай екен. «Мен қазақпын» деген поэманың деңгейіндегі әдеби шығарма да көп өтпей жазылып қалар. Ол үшін Жалтыркөл қорықшасын қайтарайық... Ол ақын кім болар екен?..
Айымгүл Саматқызы,
№3 ЖОББҚМ-нің 8-сынып оқушысы