25.04.2024, 9:15
Оқылды: 62

Мен оқыған кітап

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Мен оқыған кітап» атты  байқау өтті. Бұл шараның мақсаты кітап оқуға деген қызығушылықты ояту, оқырманның имиджін арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыру және әлеуметтік желі арқылы жаңа оқырмандарды тарту болып табылады.

кітапхана

Кітап оқуды жарнамалау да жақсы үрдіс. Осы мақсатты ұстанған жергілікті кітапхана ұжымы  жарнама жанрын қолдану арқылы оқырмандарды өздері оқып жүрген кітаптарымен таныстыруға шақырды. Сәуірдің бесінен бастау алған сайысқа небәрі онға жуық оқырман қатысуға ниет білдіріпті. Ұйымдастырушылар «аталмыш байқауға кітап оқитын нағыз оқырмандардың қатысқанын қаладық. Әйтпесе мұғалімдердің тапсырмасын орындау үшін бейнероликтерді түсірген оқушылардың қатары артар еді. Біз үшін саны емес, сапасы маңыздырақ» дейді.

Байқаудың негізгі ережесіне сай әр қатысушы үш минуттан аспайтын креативті әрі ерекше бейнеүзінді түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады. Қазылар алқасы байқаудың негізгі ережесіне сүйене отырып жеңімпаздардың есімін анықтады. Жазушы Ілияс Есенберлиннің үш кітаптан тұратын тарихи эпопеясын оқып қана қоймай, өзі секілді қатарластарын да тарихи шығарманы оқуға шақырып, ерекше бейнеролигін ұсынған бабажандық Ұлан Ғайнетден жеңімпаз атанса, Дулат Исабековтың «Гаухартасын» көркем түрде жеткізген Бөрлі ауылдық кітапханасының оқырманы Мақпал Темірхан екінші орынды иеленді. Белгілі теолог, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адамын» оқуға ұсынған М.Мәметова мектебінің мұғалімі Нұргүл Төлеуғалиева мен Жандарбек Бұлғақовтың «Сөз менеджментін», жазушы әрі меценат Ник Вуйчичтің «Өмірде шектеу жоқ» кітабын оқуға кеңес берген саралжындық оқушы Әсем Нәсіпқали үздік үштіктен көрінді.

Нұрай Таубай,

Бөкейордасы ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале