Сырым ауданының орталығы Жымпитыдағы мәдениет үйінің кассасынан күні бұрын билеттер алынып, тыңдарман қауым сахнаға елең еткен сәт.
Сахнаға халықтың сүйікті қызы, қоңыр үнді, әсем сазды Роза Әлқожа шыққанда дүйім жұрттың қуанышында шек болмады.
"Мен сені сүйем, Өмір", "Ақмаңдайлым", "Қазағым", "Мен сыйға тартқан орамал" секілді көптің сүйіп тыңдайтын әндерін жүректерге жеткізе орындаса, "Сені маған Құдай берген", "До Ре Ми" әндеріне еңбектеген баладан еңкейген қарттардың өзі бір билеп алды.
Оған қоса композитор марқұм Ажар Түзелбекқызының орындауындағы "Сағындым сені", Баян Нұрмышеваның орындауындағы "Жібектің елі" әндерін де шырқады.
- Мен қазақ өнерінде, өлеңінде үш адамға өзімді қарыздармын деп есептеймін. Бірі "сен-керемет композиторсың" деп арқамнан қаққан Қадыр ақын, қазақтың батыр қызы Фариза Оңғарсынова және Асанәлі Әшімов секілді тұлғалар.
Біртуар ақын, Қадыр Мырза Әлінің туған жеріне келіп, кеш өткізу мен үшін үлкен абырой,- деді тыңдарманның сүйікті әншісі сахнада.
Кеш қонағы, тыңдарман қауымға "Музарт LIFE" арқылы танылған Елжас Мағзом жеке репертуарындағы әндерімен қоса, өнердегі үлгі тұтар тұлғасы Р.Әлқожамен гитарада сүйемелдеп, дуэт орындады.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz