8.09.2021, 9:50
Оқылды: 40

«Мен отбасыма сенімдімін»

Кенжегүл мен Салауат – Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылына сыйлы Ізделеевтер әулетінің шаңырағы. Отағасы Салауат – №25 өрт сөңдіру бекетінде бөлімше командирі. Кенжегүл Ақжайық орта мектебінде химия-биология пәндерінің мұғалімі. Отау құрғандарына 20 жыл болған. Алтын асықтай 5 қыз тәрбиелеп отыр.

 IMG-20210908-WA0004

Тұңғыштары Күншығар М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті. Жұлдыз Құрманғазы атындағы саз колледжінде қобыз класы бойынша дәріс алып жүр. Ділназ, Ұлпан, Айзере – мектеп жасында.

- Қыздарым өнерден құралақан емес, қобыз, домбырада ойнайды, ән салады.  Оқуда үздік. Олардың  жолымды қуып, ұстаз болғанын қалаймын. Өзім мектепте оқып жүргенде ұстазым Мариям Жұмашеваға еліктеп өскенмін. Сол кісіге қарап бой түзеп, ұстаз болам деп армандадым. Мамандықты дұрыс таңдадым.

Жар таңдап, отбасын құруда да жолы болған адаммын. Үлкен жанұяда, 8 баланың бірі болып өскен мен үлкен отбасына келін болып түстім. 20 жыл бойы ата-енеммен бір шаңырақта, тату-тәтті өмір сүріп келеміз.Ол кісілердің орны бөлек. Жұмыс пен үй шаруасын бірге алып жүру оңай емес. Мені үнемі қолдап-қорғап отыратын жолдасым Салауат және ата-енемнің арқасында ұстаздықтан қол үзген жоқпын. Мен отбасыма сенімдімін.

IMG-20210908-WA0003

Атамның бақилық болғанына төрт жылдың жүзі толды. Жаны жәннәтта болсын, өте керемет кісі еді. Атам жайлы кітап жазуға болады. Қазына жан еді-ау. Енем қасымызда. Алтын құрсақты ана, жасы жетпісті еңсерсе де, үй шаруасына ақыл қосып отырады. Атам марқұм немере десе ішкен асын жерге қоятын. Мен бала күтімі демалысында ұзақ отырмайтын едім. Ұзақ дегенде де бала  бір жасқа толғанға дейін отырып, жұмысқа шығып кететін едім. Бес қызды бағып-қағып, өсіруге көмектесті. Әрине, үлкен кісілердің еңбегі зор. Мен ол кісілерді бағалаймын, жақсы көремін.

Үлкен шаңырақта тұрып көп нәрсені үйрендім. Қонақжай халықпыз, қолымызда қариялар бар. Содан шығар,  үйден кісі қарасы үзілмейді. Қонақ күту, тәрбиелеу, дастарқан әзірлеу барлығын үйрендім. Қыздарымды да үй шаруасына қосып, білгенімді үйретіп жүрмін. Басты тәрибешілері – әжесі. Төрімізде қариямыз аман отырып, бала-шағам бүтін болса отбасы бақыты деген сол емес пе?! - дейді Кенжегүл Қабдыраққызы.

 

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале