(әңгіме)
Алматы халқы алқымдаған қорқыныштан қалжырап, қажыған. Түндері мазасыз, ұйқысыз. Ұйқысы келмегеннен емес, ұйықтауға үрейленгеннен. Ал күндізі от пен оққа ораулы. Өртенген көлік. Бұрын Алматының ажарын ашып тұрған, қазір бомба түскендей тас-талқаны шыққан ғимараттар. Бұзылып, қиратылған дүкендер, банктер... Есік, терезесінің шынылары тарыдай уатылып шашылған кеңселер. Көше толған қарулы қарақшылар. Әскери көлік пен жауынгерлер. Арандатушылар кесірінен ұры-қарыға айналған адамдар.
Ару қаланың алаңсыз, бақытты жылдарына куә болған ақбас кәрі Алатау күңіренген дәрменсіз күйде. Көктөбесі көкірегі қарс айырылып кетпей қалай шыдап тұр екен? Сұлу Алматыға сұқтанған суық көздер діттегеніне жетті.
Қасіретті қаңтардың жетінші күні. Бейбіт тұрғындардың берекеті қашса да, тірі адам тірлік қылады. Балалар да сыртқа шығудан қалған. Айдос бірнеше күннен бері үйден шықпай, төрт қабырғада мезі болған балаларын сергітейін деп, әрі азық-түлік, анау-мынау әкелейін деп көшеге шығуды шешті. «Ешкімге шыбын шаққан ғұрлы зиянымыз жоқ. Бұзақылардың бізде бес бересі, алты аласы жоқ. Мынау бұрыштан аса бере орналасқан дүкенге барамыз да қайтамыз», – деп ойлады. Балаларына тәтті алып, бір қуантқысы келді. Қаладағы атыс-шабысты сәл естен шығарып, көңілдері бір аулансын. Телефон, компьютермен алдарқатайын десе, интернеттің де қарасын көрсетпегелі бірнеше күннің жүзі болды.
– Зеріктіңдер-ау әбден! Қане, киініңдер! Дүкенге апарып, қалағандарыңды әперейін!
Әкелерінің аузынан осы сөздің шығуы-ақ мұң екен, төрт баласы төрт жерден бірінен соң бірі атып-атып тұрды.
– Ооо!
– Алақай!
– Тез киінейік!
– Әкетай, мен де барам!
Соңғы дауыс кенжесі Көркемайдыкы. Тілі деген бал енді. Қылықтарына адам тойып болмайды. Пысық, алғыр, қағілез. Балабақшада үйреткенді тез қағып алады. Балаларын бөлмейді, әрине. Алайда, алдыңғы үшеуіне қарағанда, бір ерекшелігі бар. «Осы Көркемайым түбі бір жерден тесіп шығады», – дейтін Айдос үнемі жұбайына. Бұл сөздің ерлі-зайыптыларға жағатыны сонша, екеуі бір-біріне қарап жымиысып қоятын. Шаңырақтың шаттығы, қызығы, қуанышы – бәрі Көркемайдың қылықтарына айналып келетін. Әпке, ағалары да бөпелерінің асты-үстіне түседі.
Айдос қара жорғасын дүр еткізіп, от алдырып, балаларын шақырып, тиеп алды да, көше бойымен зулады. Бірнеше күннен бері қаланы көрмеген төртеуі мәз-мейрам. Көңілдері серпіп, мәшиненің ішін шу мен дуға бөледі. Бауыр етін қуанта алған әкенің де көңілі жайлы.
Көше бойлап келетін көлікті С.Сейфуллин мен Қ.Сәтбаев атындағы көшелердің қиылысына бағдаршамға келгенде, тежегішті басты. Алдына және артына бір-бірден көлік тоқтады. Ортадағы мұның мәшинесінде ғана балалар екен.
Бір мезетте жолдың жанындағы ғимараттың алдында тұрған топтан қару кезеніп:
– Әй, мәшинеңді ал жолдан былай! – деп ақырды біреуі.
Айдос мойнын бұрып, қарап үлгерместен, төрт баласымен отырған көлігіне оқты боратты. Манағы балалардың бақытынан жұғын да қалған жоқ. Айқай, қорқу, шыңғыру. Көлік іші азан-қазан. Ересектеу екеуі оққа ұшып, жараланды. Он алты жасар үлкені қан-жоса.
Біреуі ғана оқтан аман қалды. Жауған оқтың бірі артта отырған Көркемайының басынан тиді. Аждаһа-автоматтың оғы төрт жасар сәбиді ойыншық құрлы көрсін бе, Көркемай табанда жарық дүниемен қош айтысты.
Жанұшырған әке төрт баласының қайсысын қолына аларын білмей, асып-сасып, қорқыныш пен қайғыдан дірілдеген саусақтарымен жедел жәрдемнің нөмірін тере берді...
***
Жан тапсырған Көркемай шырқырап, жанайқайын жар сала айтып жатты. Оны естіген ешкім болмады. Бәлки, естігілері келмеді...
«Самайымнан жып-жылы бірдеңе сорғалай берді. Шекемнен дүрс етіп тиген бәле мені түбі жоқ тұңғиық тереңге тартып барады. Жарық дүниелік емес боп кете бардым. Мені «періште сәби» деп атайтындықтан ба, қос қанатымды қағып, періште боп ұшып кеттім.
Анамның тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, үй-ішін шаттыққа бөлеп, іңгәлап өмірге келген едім. Құрсақтағы 120-сыншы күнімде төрт-ақ күндей өте шығатын төрт жыл ғұмыр пешенеме жазылып қойған екен ғой...
Мен жаңадан ғана түстердің қызыл, сары, көк, жасыл, ақ, қара болатынын біліп келе жатырмын. Төртбұрыш, үшбұрыш, дөңгелек деген пішіндер бар екенін үйреніп жүрмін. Төрт жол тақпақ жаттай бастаған едім. Одан басқа ештеңені танып-біліп үлгермедім. Билік, жемқорлық, қымбатшылық, терроризм, діни экстремистік топ, зұлымдық,бұзақы деген сөздер менің сөздік қорыма енбек түгілі, атауын естіп көрмегем. Бұл сөздерді анам да, тәрбиеші апай да үйреткен жоқ. Сондықтан да олардың не екенінен мүлдем бейхабармын. Не үшін жаңа басталған жарық дүниемен көзді ашып-жұмғанша қоштасып кете бардым?! Ел қорғаймын деп шейіт болған жоқпын... Бұзақылық жасайын деген ниетім жоқ...Не болмаса, қымбатшылыққа қарсы митингке шықпадым... Газдың бағасы дегеннің не екенін білмеймін... Мен террорист емеспін. Бұзақы емеспін. Тонаушы емеспін. Жамандық атаулыдан ада едім ғой. Өмірді танымай жатып, өлімнің дәмін татуыма не себеп? Менің кінәм не? Күнәсі де жоқ кіршіксіз, аппақ періште емес пе едім? Қай жанға не жаздым?! Не үшін мені ата салды? Бейкүнә, бақытты балалық шақты өткеру құқығынан неге айырды? Белгісіз. Кім айырды? Ол да беймәлім.
Жазатайым менен айырылып қалған жан әкемнің жан дәрмені қалмады. Тірі бейбақ болды да қалды. Жарасын жазуға кімнің құдіреті келер екен? Мені қанша құшырлана сүйсе де, мейірі де, құмары да қанбайтын анам ше? Оның зары Алатау мен Алтайдан әрі асып, қанша алысқа жетер екен? Ып-ыстық махаббатына бөлеп, жып-жылы бетімнен, қолдарымнан аялай сүйіп, иіскелейтін анам сұп-суық мүрдемді көргенде қайтіп қана жүрегі шыдар екен?..
Мен енді әкем мен анам күткен үкілі үмітті ақтай алмаймын. Тәуелсіз Қазақстанды көркейтуге үлесімді қоса алмаймын. Үйдің ішін думанға бөлемеймін. Тәтті тілімді қызық көріп, мені ешкім сөйлете бермейді. Анамның мойнына, әкемнің арқасына асылып, еркелемеймін. Әкешім, анашым, сіздерді жұмақта күтуден басқа шарам жоқ... Сіздерге орны толмас қайғы-қасірет әкелген болсам, кешіріңіздерші... Жарық дүниеге бір өзім жылап келіп, күллі қазақты жылатып қараңғы қапасқа кетем... Қатігез, қатал жан, қаталдықтың зәрін тартарсыз әлі... Суық қарулы суық жүзді жандардың кесірінен аязды қаңтарда ызғарлы моланы мәңгілік мекен етемін... Алматым ғана емес, алаш болып аза тұтады мен үшін...»
***
Елге қасірет әкелген қаңтар оқиғасында 225 адам қаза тапты. Оның ішінде екеуі – балалар. Бірі 11 жасар ер бала болса, екіншісі – төрт жасар Көркемай Айдосқызы.
Әңгіме қаза тапқандардың рухына арналады.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz