18 жасқа толған Ақсайлық тұрғын Данияр Бабаев алғаш рет сайлау учаскесінде өз таңдауын жасап, үміткерлерге дауыс берді. Ол биыл ғана Орынбор қаласына оқуға түсіп, студент атанған. Жас сайлаушы дауыс беру кезіндегі алғашқы сезімін де жасырмады.
– Мен биыл алғаш алғаш рет дауыс бердім. Өз таңдауымды жасамастан бұрын халқымыздың егемендік алғаннан кейінгі жолына, жеткен жетістіктеріне көз жүгірттім. Тәуелсіздік жылдарындағы толайым табыстарымызды саралап, ҚР азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым. Бұрын теледидардан көріп, "біз қашан сайлауға қатысып, дауыс береді екенбіз" дейтінмін. Қазір сол күнге жетіп отырмын. Бұл мемлекеттік маңызы бар іс болғаннан кейін аздап қобалжу болды, – дейді ол.
– Жасыратыны жоқ, біз секілді жастарға еліміз көп үміт артып отыр. Өз кезегінде, біз сол үміт үдесінен шыға білуіміз қажет. Сондықтан біліммен қатар қоғамдық жұмыстарға атсалысып, ел дамуына қазірден үлес қосуды парызымыз деп санаймын. Расында, бүгінгі күні елімізде барлық салаға айрықша көңіл бөлініп, дамудың даңғыл жолында келе жатырмыз. Бүгінгі ҚР Президентін кезектен тыс сайлауы да соның айқын дәлелі. Мұндай саяси науқаннан халық қалыс қалмауы тиіс. Себебі, болашақ бүгіннен басталады, – дейді алғаш рет дауыс берген Данияр.
Дауыс беруден соң жас сайлаушыға сыйлық табысталды.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz